Алматыда педагог-психологтердің қалалық тамыз кеңесі өтіп, жаңа оқу жылындағы психологиялық қолдау жүйесінің басым бағыттары талқыланды. Мамандар буллингтің алдын алу, дағдарыстық жағдайларға жедел әрекет ету, суицидтік мінез-құлықтың превенциясы және балалардың психологиялық әл-ауқатын жүйелі бақылау тетіктерін қарастырды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
25 тамызда Оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығында өткен жиын «Балалардың психологиялық әл-ауқаты: стратегия және автоматтандыру» тақырыбына арналды. Кеңесті Алматы қаласы Психологиялық қолдау орталығының директоры В.С. Коканова жүргізді.
Кездесуде білім беру ұйымдарындағы психологиялық ахуалды тұрақты мониторингтеу мәселесіне ерекше назар аударылды. Мамандар оқушылар арасындағы буллингтің алдын алу үшін «Stop Bullying» технологиялық экожүйесі мен «ДосболLike» бағдарламасының құралдарын тәжірибеде қолдану мүмкіндіктерін талқылады.
Педагог-психологтерге дағдарыстық жағдайда жедел әрекет ету алгоритмдері де таныстырылды. Соның ішінде кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтік мінез-құлықтың алдын алу, қауіп деңгейін ерте анықтау және күрделі оқиғадан кейінгі психологиялық сүйемелдеу тәсілдері егжей-тегжейлі қарастырылды.

Ерекше назарды қажет ететін балаларды кешенді психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу мәселесі де күн тәртібіне шықты. Мамандар өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылармен жұмыс істеу, баланың эмоционалдық жағдайын тұрақтандыру және ата-анамен өзара байланысты күшейту қағидаттарын талқылады.
Практикалық бөлімде психологтердің күнделікті жұмысына қатысты құжат айналымы, есептілік және деректер матрицаларын жүргізу тәртібі қарастырылды. Қатысушылар қолданыстағы нормативтік-құқықтық талаптардағы өзгерістермен танысып, әкімшілік рәсімдерді біріздендіру жөнінде түсініктеме алды.
Кеңес қорытындысында жаңа оқу жылына арналған әдістемелік ұсынымдар бекітілді. Ұйымдастырушылар негізгі міндетті психологиялық қызметті тек мәселе туындағаннан кейін әрекет ететін құрылымнан тәуекелді алдын ала анықтайтын және баланы тұрақты сүйемелдейтін жүйеге айналдыру деп белгіледі.
Шара соңында Алматының психологиялық қызметін дамытуға үлес қосқан үздік мамандар марапатталды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







