Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тамыз конференциясында қазақстандық жастарды торығу, сенімсіздік пен үнемі шағымданудан арылту мәселесін көтерді. Мемлекет басшысы ұстаздар жаңа буынды мұңға батқан күйде емес, қиындықты еңсеруге дайын оптимист әрі жеңімпаз етіп тәрбиелеуге тиіс екенін айтты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Президенттің пікірінше, қадам жасауға қорқатын, өз күшіне сенбейтін және өміріне үздіксіз шағымданатын адам келешегін өзі тұйыққа тірейді.
«Қадам жасаудан қорқып, өз күшіне сенбей, өмірге үнемі шағымданатын адам өзін бұлыңғыр болашаққа байлайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жас ұрпақты рухани дерт пен теріс түсініктен қорғау бүкіл қоғамға ортақ міндет екенін атап өтті. Алайда осы жауапкершіліктің үлкен салмағы білім және ағарту жүйесіне түседі.
Тоқаевтың айтуынша, педагог балаға тек пән үйретумен шектелмеуі керек. Ұстаздың негізгі міндеттерінің бірі – ойы таза, ниеті түзу, жақсылық пен жарқын келешекке берік сенетін батыл азамат тәрбиелеу.
«Ұстаздардың міндеті мұңға батып, өзіне сенбейтін, айналасына күйзеліс тұқымын себетін жандарды емес, оптимистердің жаңа буынын қалыптастыру», – деді президент.
Ол жастарды өткеннің қасіретін қайта-қайта қопарып, жеңіліс пен сәтсіздіктің себебін өзге мемлекеттен, басқа халықтан немесе тарихи жарақаттан іздей бермеуге шақырды.
Мемлекет басшысының сөзінше, психологиялық қорқыныш пен тарихи өкпеге байланып қалған қоғам алға жылжи алмайды. Елге кез келген қиындық пен қатерді еңсеруге дайын, болашаққа сеніммен қарайтын буын қажет.
«Біз қасіреттің, жеңіліс пен сәтсіздіктің себебін тарихи өткеннен, өзге мемлекет пен халықтан іздейтін емес, барлық қиындық пен қауіп-қатерді еңсеруге дайын, тек алға қарайтын жеңімпаз ұлтпыз», – деді Тоқаев.
Президент Қазақстанды өркендететін қозғаушы күш те осындай азаматтар болатынын атап өтті. Елдің келешегі отаншыл, білімді, заманға бейім, еңбекқор әрі өз мүмкіндігіне сенетін жастарға тікелей байланысты.
Тоқаев жас буынның бойынан осы қасиеттерді қазірдің өзінде байқап жүргенін айтып, олардың әлеуетіне сенім білдірді.
Президенттің Тамыз конференциясындағы сөзі білім жүйесіне жаңа міндет жүктеді. Мектеп енді балаға білім беретін орын ғана емес, оның бойындағы қорқынышты жеңіп, жігерін жанитын, өзіне және еліне сенетін тұлға қалыптастыратын ортаға айналуға тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







