Павлодар мұнай-химия зауыты өндірген АИ-95 және АИ-98 бензині тәуелсіз зертхананың сынағынан өтті. Сараптама отынның сапа талаптарына сай екенін растағанымен, көлігі зақымданған жүргізушілердің жаппай шағымына не себеп болғаны сол күйі жұмбақ болып қалды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«ҚазМұнайГаз» мәліметінше, 25 тамызда Павлодар мұнай-химия зауытынан алынған АИ-95 және АИ-98 бензинінің арбитраждық сынамалары SGS Kazakhstan тәуелсіз зертханасында тексерілген.
Сараптама отынның Кеден одағының ТР ТС 013/2011 техникалық регламентіне және ГОСТ 32513-2013 стандартына толық сәйкес келетінін көрсеткен.
«Павлодар мұнай-химия зауыты өндірген АИ-95 және АИ-98 бензині техникалық регламент пен мемлекеттік стандарт талаптарына сай. Зауыттан жөнелтілген партиялардың сынамалары өнім сапасын растады», – деп хабарлады «ҚазМұнайГаз».
Тексерілген бензин жанармай бекетінен алынбаған
Мұндағы маңызды жайт сараптамаға жүргізушілер шағымданған жанармай құю бекеттеріндегі бензин емес, зауытта сақталған арбитраждық үлгілер жіберілген. Мұндай сынама кәсіпорыннан шығарылатын әр партиядан алынады. Ол пломбаланып, сапаға қатысты дау туындаған жағдайда қайта тексеру үшін 45 тәулік сақталады.
Зертхананың қорытындысы Павлодар зауытынан шыққан сәтте бензиннің белгіленген талапқа сай болғанын көрсетеді. Алайда отынның мұнай өңдеу зауытынан жанармай бекетіндегі көлік багына жеткенге дейінгі жолында не болғанына бұл сараптама жауап бермейді.
Сондықтан тексеріс ПМХЗ-ға қатысты күдікті сейілткенімен, жүргізушілердің шағымын жоққа шығармайды.
Көліктер неліктен сыр бергені белгісіз
Бұған дейін Қазақстанның бірнеше қаласындағы жүргізушілер АИ-95 және АИ-98 құйғаннан кейін көлігінің жұмысы бұзылғанын мәлімдеген. Автокөлік иелері қозғалтқыштың тартуы төмендегенін, діріл пайда болғанын, бақылау панеліндегі қате белгілері жанғанын және көлікті жөндетуге тура келгенін айтқан.
Шағымдардың әр өңірден қатар түсуі мәселені жеке бір автокөліктің ақауына тіреп қоюға мүмкіндік бермеді. Осыдан кейін Энергетика министрлігі бензин сапасын тексеруге кірісті.
Алайда министрлік жүргізіп жатқан тексерудің қорытындысы әлі жарияланған жоқ.
Зауыт пен жанармай бекеттері бір-бірін нұсқап отыр
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, мұнай өңдеу зауыттары мен жанармай құю желілері мәселенің туындауына бір-бірін ықтимал себепкер ретінде көрсеткен. Зауыттар өз қақпасынан шыққан өнім сапалы екенін алға тартады. Ал жанармай бекеттері отынды өндірушіден қандай күйде алса, солай сататынын айтады.
Павлодар зауытының арбитраждық сынамасы алғашқы буындағы сапаны растады. Енді құзырлы органдар бензинді сақтау, тасымалдау және жанармай бекетінде сату кезеңін тексеруге тиіс.
Отын талапқа зауыттан шыққан кезде сай болып, кейін өзгерсе, мәселе мұнай базасында, тасымалдау кезінде немесе жанармай құю бекетіндегі резервуарда туындауы ықтимал. Дегенмен нақты кінәлі тарапты ресми тексеріс қана анықтай алады.
Арзан бензин қымбат өнімнің орнына сатылуы мүмкін
Сауда және интеграция министрлігі бұған дейін жанармайды алмастырып сату деректері кездесетінін хабарлаған. Кей жағдайда октан саны төмен бензин жоғары октанды отын ретінде сатылуы мүмкін. Мысалы, талапқа сай келмейтін өнімді АИ-95 немесе АИ-98 деген белгімен өткізу қозғалтқыш жұмысына кері әсер етеді.
Дегенмен жүргізушілердің қазіргі шағымдары дәл осындай әрекеттен туындады деп кесіп айтуға әлі ерте. Әр жанармай бекетіндегі сынама бөлек алынып, зертханалық жолмен тексерілуі керек.
Атыраудан жаңа партия жөнелтілді
Даулы жағдайдан кейін Атырау мұнай өңдеу зауытынан жаңа бензин партиясы нарыққа жіберілген. Ерлан Ақкенженов жүргізушілерден бірнеше күн сабыр сақтауды сұрап, жаңа отын жеткізілген соң ахуал қалыпқа келетінін айтқан.
Алайда жаңа партияның жөнелтілуі бұрын сатылған бензинге қатысты негізгі сұрақты шешпейді. Жүздеген жүргізуші шағымданған отын қай жерде және қандай себеппен сапасын жоғалтқаны анықталуға тиіс.
Павлодар зауыты өз өнімінің сапасын зертхана арқылы дәлелдеді. Ендігі кезек жанармайды зауыттан тұтынушыға дейін жеткізетін тізбекте. Себебі сапалы бензин қақпадан шыққанымен, жүргізушінің багына қандай күйде құйылғаны әлі белгісіз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







