Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов елдің энергетикалық қауіпсіздігіне қатысты қордаланған мәселелердің есебін ұсынды. Алматыдағы жарықтың жаппай сөнуінен бастап, оңтүстіктегі қуат тапшылығы, бензин сапасы, төртінші мұнай өңдеу зауыты мен газдандыру жоспарына дейінгі негізгі бағыттарды тарқатып айтты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Министрдің мәлімдемесі энергетика саласындағы ахуалдың біркелкі еместігін көрсетті. Қазақстан алдағы екі жылда бұрын-соңды болмаған көлемде жаңа қуат көздерін іске қосуды көздеп отыр. Алайда елдің оңтүстігі әлі де электр қуатына зәру, авиаотын сырттан тасымалданады, ал жанармайдың шекара асып кетуін тежеудің пәрменді тетігі табылмай келеді.
Алматыдағы блэкаут неден басталды?
14 тамыздағы ауқымды апатқа қатысты түпкілікті қорытынды әлі шығарылған жоқ. Ақкенженовтің сөзінше, алдын ала мәлімет бойынша, Орталық Азияның біріккен энергия жүйесіндегі ақау сағат 14:37-де басталған.
Осы сәтте Қырғызстандағы Тоқтоғұл су электр станциясының жалпы қуаты шамамен 625 мегаватқа тең екі гидроагрегаты қатар істен шыққан. Қуат ағыны күрт өзгергеннен кейін Қазақстанның солтүстік және оңтүстік энергия аймақтары бір-бірінен ажырап, оңтүстік бөлік біраз уақыт дербес режимде жұмыс істеген. Артынша бірнеше өңірді қамтыған тізбекті ажырату басталды.
Қарағанды, Абай және Жамбыл облыстарындағы шектеу сағат 14:47-де алынды. Алматы және Жетісу облыстарында электрмен қамту 16:12-ге қарай қалпына келді. Энергия жүйесін толық тұрақтандыруға шамамен екі жарым сағат кеткен.
«Қырғыз тарапы Тоқтоғұл су электр станциясындағы екі агрегаттың ажырағанын жоққа шығармайды. Алайда Алматы энергия торабында неліктен жарық өшкенін және отандық желілердің қалай жұмыс істегенін мемлекеттік комиссия анықтайды», – деді министр.
Комиссия апаттың бастапқы себебімен ғана шектелмей, соққының Қазақстан желілері арқылы қалай тарағанын да тексермек. Сондықтан жауапкершілікке қатысты түпкілікті тұжырым техникалық тергеу аяқталғаннан кейін жасалады.
Ақкенженов 18-22 тамыз аралығында Алматыда болған жарық сөну оқиғаларының 14 тамыздағы блэкаутқа қатысы жоқ екенін де айтты. Сол күндері бірыңғай энергия жүйесі қалыпты әрі тұрақты жұмыс істеген.
Оңтүстікте 2 мың мегават қуат жетіспейді
Министр елдің оңтүстік энергия аймағындағы тапшылық шамамен 2 мың мегаватқа жеткенін мойындады. Өңір қазір солтүстіктен жеткізілетін электр қуатына және көршілес жүйелермен арадағы ағынға тәуелді.
Тапшылықты Алматыдағы жаңғыртылып жатқан ЖЭО-2 мен ЖЭО-3, Түркістандағы қуаты 1 мың мегават бу-газ қондырғысы және Қызылордадағы жаңа станциялар есебінен жабу көзделген.
Қызылордада қуаты 240 мегават бу-газ қондырғысы іске қосылды. Бұған қоса өңірде тағы 1100 мегаваттық станция салу жоспарда бар. Министрліктің есебінше, аталған жобалар 2029-2032 жылдары кезең-кезеңімен пайдалануға берілген соң оңтүстіктегі қазіргі тапшылық толық жабылады.
KEGOC қуаты 500 киловольт болатын Шу – Жамбыл – Шымкент желісін салып жатыр. Нысанның дайындығы 50 пайыз шамасында. Сонымен қатар Ұлке – Қарабатан желісі арқылы батыс энергия аймағын Қазақстанның бірыңғай электр жүйесіне қосу жобасы аяқталуға жақын.
Солтүстік пен оңтүстіктің арасын жалғайтын, шамамен 2 мың мегават электр өткізуге қабілетті тұрақты ток желісін салу мүмкіндігі де қарастырылып жатыр. Мұндай жоба іске асса, елдің солтүстігіндегі ірі станциялардан оңтүстікке көбірек қуат жеткізуге жол ашылады.
Екі жылда 3 гигаваттан астам жаңа қуат қосылмақ
Қазақстан 2026 жылы шамамен 2,6 гигават жаңа энергетикалық қуат енгізуді жоспарлап отыр. 2027 жылы оған тағы 850 мегават қосылуға тиіс. Екі жылдың ішінде елдің энергия жүйесі 3 гигаваттан астам жаңа қуатпен толығады.
Ақкенженов салыстыру үшін тәуелсіздік жылдарындағы көрсеткішті келтірді. Оның айтуынша, 1993 жылдан бері Қазақстанда барлығы шамамен 4,5 гигават жаңа қуат іске қосылған.
Демек, Үкімет алдағы екі жылда кейінгі отыз жылдан астам уақытта салынған қуаттың үштен екісіне жуық көлемін пайдалануға беруді көздеп отыр.
Көмір генерациясын дамытуға арналған бөлек жоспар да қабылданған. Құжат 2029 жылға дейін 7,5 гигаваттан астам жаңа қуат енгізуді қарастырады. Ірі жобалардың арасында Екібастұз өңіріндегі қуаты 2640 мегават ГРЭС-3 және Курчатов қаласында салынатын 700 мегаваттық станция бар.
Жасыл энергетикаға 8 гигаваттық келісім жасалды
Қазақстан жаңартылатын энергия көздері бойынша жиынтық қуаты шамамен 8 гигаватқа жететін келісімдерге қол қойған.
Ауқымды жобалардың қатарында Masdar, Total, China Energy және China Power компанияларының әрқайсысы 1 гигаваттан салатын электр станциялары бар. Негізгі нысандар 2029-2030 жылдарға дейін іске қосылады деп жоспарланған.
Алайда күн мен жел станциялары тәулік бойы тұрақты қуат бере алмайды. Сондықтан олармен қатар жүйедегі өзгерісті жылдам теңестіретін реттеуші қуат көздері салынады. Бұл міндетте газбен жұмыс істейтін электр станцияларына басымдық берілмек.
Қысқа дайындықта жасанды интеллект қолданылады
Биыл 9 энергия блогын, 55 қазандық пен 51 турбинаны жөндеу жоспарланған. Қазір 4 энергия блогындағы, 22 қазандықтағы және шамамен 10 турбинадағы жұмыс аяқталды.
Энергетика министрлігі жөндеу науқаны белгіленген кесте аясында жүріп жатқанын және барлық жұмыс жылыту маусымына дейін тәмамдалатынын мәлімдеді. Станциялардағы отын қоры нормативке сай, қазіргі жинақ 20 күннен астам уақытқа жетеді.
Көмір тасымалын қадағалау үшін жасанды интеллект пен болжамды талдау элементтері бар жүйе енгізілген. Платформа елдегі мыңға жуық көмір тұйығын және «Қазақстан темір жолының» жартылай вагондарын нақты уақыт режимінде бақылайды.
Жүйе көмір қорының азаюы немесе тасымалдың кешігуі ықтимал өңірлерді алдын ала анықтауға тиіс. Министрлік осы тәсіл арқылы қыс ортасында туындайтын тапшылықтың алдын алуды көздейді.
Елде 1,1 миллион тоннадан астам жанармай бар
Қазақстандағы бензин мен дизель отынының жиынтық қоры 1,1 миллион тоннадан асады. Министрлік ішкі нарықта тапшылық қаупі жоқ деп отыр.
Көршілес елдердегі жанармай ахуалы ескеріліп, Павлодар мұнай-химия зауытындағы жоспарлы жөндеу келесі жылдың көктеміне ауыстырылған. Мақсат – өндірісті тоқтатпай, елдегі қорды жеткілікті деңгейде сақтау.
Министрлікті алаңдатқан мәселелердің бірі – «жанармай туризмі». Шекарадан күн сайын шамамен 4 мың жүк көлігі өтеді деген шартты есеп бар. Әр көлік багына мың литрге жуық отын құйып шықса, тәулігіне Қазақстаннан 4 миллион литр жанармай әкетілуі мүмкін.
Еуразиялық экономикалық одақтың қолданыстағы тәртібі мұндай тасымалды толық шектеуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан отынның шыққан жерін анықтайтын молекулалық таңбалау тәсілі қарастырылып жатыр. Арнайы белгі бензин мен дизельдің қай зауытта өндірілгенін және қай нарыққа арналғанын ажыратуға көмектеседі.
АИ-98 дауы Павлодар зауытына тексеру жеткізді
Автокөлік иелерінен АИ-98 бензинінің сапасына қатысты шағым түскеннен кейін Энергетика министрлігі Павлодар мұнай-химия зауытына тексеру жіберген.
Мамандар мәселенің өндіріс кезінде туғанын немесе жанармай құю бекеттеріндегі сақтау мен сату үдерісінде пайда болғанын анықтап жатыр. Нарыққа Атырау мұнай өңдеу зауытынан жаңа бензин партиялары жөнелтіле бастаған.
Сапа талаптарының бұзылғаны расталса, зардап шеккен жүргізушілер заңда белгіленген тәртіппен өтемақы талап ете алады. Ақшаны зауыттың немесе жанармай құю желісінің төлейтіні тексеру қорытындысында кінәлі тарап анықталғаннан кейін белгілі болады.
Арзан дизельдің жолы ПИН-кодпен бақыланады
Шаруаларға арналған жеңілдетілген дизель отынының коммерциялық нарыққа кетуіне тосқауыл қою үшін арнайы бақылау жүйесі енгізілген.
Әр партияның ілеспе құжатына жеке ПИН-код жазылады. Сол арқылы дизельдің мұнай өңдеу зауытынан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге дейінгі қозғалысын бақылауға болады.
Қазақстандағы үш мұнай өңдеу зауыты аграрлық салаға арналған отынды бөлек түске бояйды. Арнайы түс жеңілдетілген дизельді жанармай бекеттерінде сатылатын кәдімгі өнімнен бірден ажыратуға мүмкіндік береді.
Қазақстан әлі де авиаотынға тәуелді
Елдегі авиациялық керосин өндірісі жылына шамамен 850 мың тоннаны құрайды. Ішкі қажеттілік 1,1-1,2 миллион тоннаға жеткендіктен, жетпейтін көлем сырттан әкелінеді.
Жуырда Алматы әуежайына еуропалық Jet A1 керосинінің алғашқы партиясы жеткізілген.
Мұнай өңдеу зауыттары кеңейтілгеннен кейін 2032 жылға қарай қосымша 1 миллион тоннаға жуық авиаотын өндіру жоспарланып отыр. Жалпы шығарылымды жылына 1,7-1,8 миллион тоннаға жеткізу көзделген.
Осы межеге жетсе, Қазақстан ішкі сұранысты толық жауып қана қоймай, авиациялық керосин экспорттайтын елге айнала алады.
Шымкент зауытының қуаты екі есе артады
Павлодар мұнай-химия зауытының қуатын жылына шамамен 2,2 миллион тоннаға арттыру жобасы зерттеліп жатыр.
Шымкент мұнай өңдеу зауытын кеңейту жоспары әлдеқайда ауқымды. Оның жылдық өндірістік мүмкіндігін 6 миллионнан 12 миллион тоннаға дейін ұлғайту көзделген. Қажетті құжаттар жыл соңына дейін әзірленіп, түпкілікті инвестициялық шешім қабылдануға тиіс.
Жобаларды тікелей бюджет қаржысына байлау әзірге қарастырылмаған. Құрылыс пен жаңғырту жұмыстары кәсіпорындардың өз қаражаты және тартылатын қарыз есебінен қаржыландырылмақ.
Төртінші зауыт қай өңірде салынуы мүмкін?
Қазақстанда қуаты жылына 10 миллион тоннаға дейін жететін төртінші мұнай өңдеу зауытын салу мәселесі пысықталып жатыр.
Ықтимал орын ретінде Маңғыстау, Атырау, Ұлытау және Түркістан облыстары қарастырылуда. Қазір техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр. Түпкілікті шешімді 2026 жылдың соңына дейін қабылдау жоспарланған.
Жоба мақұлданса, құжаттама дайындау мен құрылыстың өзіне шамамен үш-төрт жыл қажет болады. Жаңа зауыттың орналасатын жері мұнай шикізатына, көлік жолдарына, су және электр инфрақұрылымына жақындығы ескеріле отырып таңдалмақ.
Газдандыруды 80 пайызға жеткізу көзделген
Қазақстанның газдандыру деңгейі 64,2 пайызға жетті. Қазір шамамен 13 миллион адамның табиғи газға қолы жетеді.
Алдағы ірі газ құбыры жобаларының бірі бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде. Аталған бағытқа қатысты Ресеймен меморандумға бұрын қол қойылған.
Министрлік жаңа құбырлар мен өңірлік желілерді іске қосу арқылы газдандыру үлесін 80 пайызға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.
Ресей мұнайы «Конденсат» зауытына жеткізілуі мүмкін
Қазақстан Ресейден «Конденсат» мұнай өңдеу зауытын ресейлік мұнаймен қамту жөнінде ресми өтініш алған.
Ұсынылған сызбаға сәйкес, кәсіпорында өндірілген бензин мен дизельдің шамамен 30 пайызы Қазақстан нарығында қалады. Қалған өнім Ресейге жөнелтіледі.
Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, зауытпен байланысты ресейлік компания қазіргі уақытта халықаралық санкцияға ілікпеген. Жоба ішкі нарықтағы отын көлемін көбейту мүмкіндігі тұрғысынан қарастырылып жатыр.
Мұнайдың бәрі Балтыққа бұрылмайды
Қазақстан Новороссийск арқылы экспортталатын мұнайды толықтай Усть-Луга портына ауыстыру жөнінде ресми хабарлама алмаған. Қазір қазақстандық шикізатты тасымалдауда екі бағыт та пайдаланылып отыр.
Экспортты түгел Балтық теңізіне бұру тасымал шығынын арттыруы ықтимал. Қазақстан мұнайының бір бөлігі Новороссийск пен Қара теңіз арқылы Румыниядағы Rompetrol зауытына жөнелтіледі. Усть-Луга бағыты бұл межеге жету үшін әлдеқайда ұзақ әрі қымбат.
Сондықтан министрлік қолданыстағы логистиканы бірден өзгертуге негіз жоқ деп есептейді.
Қарашығанақ жөндеуге тоқтайды
Қарашығанақ кен орнындағы жоспарлы жөндеу қыркүйектің ортасына белгіленген. Технологиялық жұмыстар кезінде өндіріс көлемі уақытша азаяды.
Министрлік мұнай өндірудегі осы шығынды алдын ала есепке алған. КТК инфрақұрылымына жасалған шабуыл мен Қарашығанақтағы жөндеу салдарынан Қазақстан 2026 жылғы мұнай өндіру жоспарын 98 миллионнан 96 миллион тоннаға дейін қысқартты.
Ақкенженов ұсынған есеп энергетика саласының алдағы жылдары үлкен құрылыс алаңына айналатынын аңғартты. Қуат тапшылығын жабу, мұнай өңдеуді кеңейту және газдандыру деңгейін көтеру үшін ондаған жоба жоспарланған. Алайда сол жоспарлардың қағаздан нақты өндіріске айналуына кемі бірнеше жыл қажет.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







