«Ақ жол» демократиялық партиясы Құрылтайдағы сегіз мандатты кімдер иеленетінін ресми түрде анықтады. Партияның көп жылдан бергі жетекшісі әрі бұрынғы Мәжіліс депутаты Азат Перуашев түпкілікті құрамға енген жоқ, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Депутаттық мандаттарды бөлу туралы шешімді 26 тамызда «Ақ жол» партиясы Саяси кеңесінің президиумы қабылдаған. Оған Орталық сайлау комиссиясының 25 тамыздағы қаулысы негіз болған.
Құрылтайға «Ақ жол» атынан мына кандидаттар барады:
- Дәурен Ахметжаев;
- Бақтыбек Бибаев;
- Дания Еспаева;
- Асылхан Қожахметов;
- Юрий Ли;
- Олжас Нұралдинов;
- Мейраш Шынасилова;
- Ермекқали Юсупов.
Жарияланған тізімде Азат Перуашевтің болмауы назар аудартады. Ұзақ жыл бойы партияның саяси бет-бейнесіне айналған Перуашев Мәжілістегі «Ақ жол» фракциясын да басқарған. Алайда партия оның Құрылтайдағы сегіздікке неліктен енбегенін әзірге түсіндірген жоқ.
Жаңа құрамда парламент жұмысынан тәжірибесі бар тұлғалар сақталды. Дания Еспаева VIII сайланған Мәжілістің депутаты әрі вице-спикері болған. Олжас Нұралдинов депутаттық мандатты 2025 жылы иеленген.
Орталық сайлау комиссиясы жариялаған түпкілікті қорытынды бойынша, «Ақ жол» партиясына 478 083 сайлаушы дауыс берген. Саяси ұйым 5,21 пайыз көрсеткішпен сайлау межесінен өтіп, Құрылтайдағы сегіз орынға ие болды.
Азат Перуашевтің депутаттар қатарынан тыс қалуы «Ақ жолдың» жаңа парламенттегі бағыты мен партия ішіндегі ықпал таразысына қатысты талқылауға түрткі болуы мүмкін. Құрылтайдағы фракцияны кім басқаратыны әзірге жарияланған жоқ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







