«Отбасы банк» 31 тамыздан бастап әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекалық бағдарламасына өтінім қабылдайды. Қатысушылар баспана сатып алуға 50 миллион теңгеге дейін, ал үйін жөндеуге 15 миллион теңгеге дейін несие рәсімдей алады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бағдарлама Қазақстан әйелдерінің жеңілдетілген бастапқы жарнамен баспана алуына мүмкіндік береді. Өтінім берушінің атында басқа жылжымайтын мүліктің болуы, отбасылық жағдайы мен тұрғылықты жері кедергі келтірмейді. Қарыз алушы Қазақстанның кез келген қаласынан үй таңдай алады.
«Ұмай» бағдарламасын қаржыландыратын Азия даму банкі алғашқы 9 миллиард теңгені «Отбасы банкке» аударып қойған. Қаражат кезең-кезеңімен бөлінеді.
Ипотеканың негізгі шарттары
Несие мөлшерлемесі жылдық 14,8 пайызды құрайды. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 16,3–16,8 пайыз аралығында болады.
Бағдарламаның басты талаптары:
- ең жоғары несие сомасы – 50 миллион теңге;
- несие мерзімі – 25 жылға дейін;
- Астана мен Алматыдағы бастапқы жарна – 20 пайыздан;
- өзге қалалардағы бастапқы жарна – 15 пайыздан;
- отбасының орташа айлық таза табысы 1,25 миллион теңгеден аспауға тиіс;
- төлем қабілетін растау үшін кейінгі алты айдағы ресми табыс қажет;
- қажет болған жағдайда қосалқы қарыз алушыны тартуға болады.
Өтінім берушінің некеде болуы немесе атында басқа үйдің тіркелуі бағдарламаға қатысу құқығын шектемейді. Сатып алынған баспана әйелдің атына рәсімделеді. Егер қарыз алушы некеде болса, жылжымайтын мүлік ерлі-зайыптының ортақ меншігі саналады.
Қандай баспана сатып алуға болады?
«Ұмай» бағдарламасы арқылы:
- пайдалануға берілген жаңа үйден пәтер;
- Қазақстан тұрғын үй компаниясының кепілдігі немесе сақтандыру тетігі бар салынып жатқан нысаннан баспана;
- 2016 жылдан ерте салынбаған қайталама нарықтағы үй сатып алуға болады.
Жаңа үйлер «Отбасы банктің» Baspana Market платформасы арқылы таңдалады.
Банк несие көлемін пәтердің сату бағасы мен бағалаушы белгілеген құнның төменіне сүйеніп есептейді. Бағалау құны нарықтағы бағадан төмен шықса, сатып алушыға бастапқы жарнадан бөлек туындайтын айырманы да өз қаражатынан жабуға тура келеді.
Мәселен, Алматыдағы пәтер 32 миллион теңгеге сатылып, бағалаушы оның құнын 30 миллион теңге деп белгілесе, банк есепті 30 миллион теңгеден жүргізеді. Соның 80 пайызы немесе 24 миллион теңгесі несиеге беріледі. Қарыз алушы кемінде 6 миллион теңге бастапқы жарнаны және сату бағасы мен бағалау құны арасындағы 2 миллион теңге айырманы өзі төлейді.
Ай сайынғы төлем қанша болады?
Банк келтірген есеп бойынша, құны 30 миллион теңгелік баспананы Алматыдан 20 пайыз бастапқы жарнамен сатып алған әйелге 24 миллион теңге несие беріледі.
Егер «Отбасы банктегі» депозитінде жинағы болмаса, алғашқы он жылдағы ай сайынғы төлем шамамен 387 200 теңгені құрайды. Депозитте 2,4 миллион теңге жинағы бар қарыз алушы айына шамамен 365 600 теңге төлейді. Айырмасы – 21 600 теңге. Салымдағы қаражат көбейген сайын ай сайынғы төлем де азая береді.
«Ұмай» аясында банк алдын ала тұрғын үй заемын береді. Мұндай қарыздың ай сайынғы төлемі екіге бөлінеді: бір бөлігі сыйақыны өтеуге, екіншісі депозитті толықтыруға жұмсалады.
Депозиттегі жинақ несие сомасының 50 пайызына жеткенде қарыз алушы жылдық мөлшерлемесі 5 пайызға дейін төмендейтін тұрғын үй заемына ауыса алады. Жылдық тиімді мөлшерлеме 5,1–6,9 пайыз аралығында болады. Соның нәтижесінде ай сайынғы төлем мен жалпы артық төлем азаяды.
Депозитке банк тарапынан жылдық 2 пайыз сыйақы есептеледі. Сонымен бірге заңда белгіленген шек аясында 200 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын жинақ сомасына 20 пайыз мемлекеттік сыйлықақы қосылады.
Жөндеу жұмысына да несие беріледі
Бағдарлама үй сатып алумен ғана шектелмейді. Әйелдер өздері тұрып жатқан баспананы жөндеуге 15 миллион теңгеге дейін жеке несие рәсімдей алады.
Өтінім қалай беріледі?
Өтінімді «Отбасы банк» сайтындағы «Бейнеқызмет көрсету» сервисі немесе Baspana Market платформасындағы жеке кабинет арқылы онлайн беруге болады. Электронды өтінімге қажетті құжаттардың цифрлық нұсқасы жеткілікті.
Банк маманы бейнебайланыс арқылы кеңес беріп, талаптарды түсіндіреді және өтінімді қабылдайды. Қалаған азаматтар банк бөлімшесіне барып та құжат тапсыра алады.
«Отбасы банк» пен Азия даму банкі «Ұмай» бағдарламасын алғаш рет 2021 жылы іске қосқан. Алғашқы кезеңге 38 миллиард теңге бөлініп, үш жыл ішінде 3 661 қазақстандық әйел баспаналы болған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







