Қазақстандық сарапшылар теңгенің алдағы үш жылдағы бағамына қатысты болжамын жақсартты. Алайда инфляция бұрын күтілгеннен баяу төмендеп, экономиканың ұзақ мерзімді өсу әлеуеті әлсіреуі мүмкін, деп хабарлайды Ertenmedia.kz Ұлттық банк жариялаған макроэкономикалық сауалнама нәтижесіне сілтеме жасап.
Маңызды жайт, төмендегі көрсеткіштер Ұлттық банктің ресми болжамы емес. Олар сауалнамаға қатысқан сарапшылардың медианалық күтімін білдіреді.
Теңге бұрынғы болжамнан мығым
Сарапшылар 2026 жылғы доллардың орташа бағамын 490 теңге деңгейінде күтеді. Бұған дейінгі сауалнамада бір доллар 500 теңге болады деген болжам жасалған еді.
Кейінгі жылдарға қатысты бағам да жақсарды:
- 2026 жыл – бір доллар 490 теңге;
- 2027 жыл – 516,2 теңге, бұрынғы болжам 532,1 теңге;
- 2028 жыл – 562,2 теңге, бұған дейін 566,6 теңге болған.
Демек, сарапшылар болжамның бүкіл кезеңінде теңгенің бұрын күтілгеннен мығым болатынын есепке алған. Соған қарамастан, валюта бағамының жалпы бағыты біртіндеп әлсіреуді көрсетеді. Доллар 2026 жылғы 490 теңгеден 2028 жылы 562,2 теңгеге дейін қымбаттауы ықтимал.
Инфляция баяу төмендейді
Бағамға қатысты болжам жақсарғанымен, инфляциялық күтім керісінше нашарлаған.
2026 жылғы инфляция болжамы 10 пайыз деңгейінде сақталды. Ал 2027 жылғы көрсеткіш 7,8 пайыздан 8,5 пайызға, 2028 жылғы болжам 6,8 пайыздан 7 пайызға көтерілді. Сауалнамаға қатысушылар бес жылдан кейін де инфляция 5,3 пайыз шамасында болады деп күтеді.
Мұндай алшақтық елдегі баға өсімінің тек валюта бағамына тәуелді еместігін аңғартады. Теңгенің салыстырмалы түрде мығым болуы импорт арқылы келетін қысымды әлсіреткенімен, ішкі шығын, сұраныс, тариф және өндірістік шектеулер инфляцияның жылдам төмендеуіне кедергі келтіруі мүмкін.
Базалық мөлшерлеме біртіндеп төмендейді
2026 жылдың соңындағы базалық мөлшерлемеге қатысты медианалық болжам өзгерген жоқ. Сарапшылар оны 16 пайыз деңгейінде күтеді.
Кейін мөлшерлеменің біртіндеп төмендеуі болжанып отыр:
- 2026 жылдың соңы – 16 пайыз;
- 2027 жылдың соңы – 13 пайыз;
- 2028 жылдың соңы – 10,5 пайыз.
Экономикаға ынталандырушы да, тежеуші де әсер етпейтін бейтарап базалық мөлшерлеме бағасы 9,8 пайыздан 9 пайызға дейін төмендеді.
Инфляция баяулаған сайын Ұлттық банктің ақша құнын арзандатуға мүмкіндігі кеңейеді. Дегенмен баға өсімі орнықты сипатта қалса, мөлшерлемені шұғыл төмендетуге жол ашылмайды.
Экономика қалыпты өсу қарқынына оралады
Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 2025 жылы 6,5 пайызға өскен. Сарапшылар кейінгі жылдары экономикалық өсім біртіндеп қалыпты деңгейге түседі деп есептейді:
- 2026 жыл – 4,8 пайыз;
- 2027 жыл – 4,6 пайыз;
- 2028 жыл – 4,3 пайыз.
Аталған болжамдар алдыңғы сауалнамадан бері өзгермеген.
Экономиканың алдағы бес жылдағы әлеуетті орташа өсімі жөніндегі баға 4,4 пайыздан 4,2 пайызға төмендеді. Қазіргі жоғары көрсеткіштерге қарамастан, сарапшылар құрылымдық өсімнің жеделдейтініне әзірге сенімді емес.
Мұндай жағдайда экономиканың қанша пайыз өскенінен гөрі, сол өсімнің қандай көздер есебінен қалыптасқаны маңызды бола түседі. Өнімділік пен ішкі өндіріс артпаса, жоғары қарқын импорт пен инфляцияның ұлғаюына әкелуі ықтимал.
Импорт пен экспорт арасы жақындайды
2026 жылы Қазақстанның тауарлар мен қызметтер экспорты 95 миллиард, импорты 82,7 миллиард доллар болады деген болжам жасалған.
2027 жылы экспорт 93,6 миллиард, импорт 85,2 миллиард доллар болуы мүмкін. 2028 жылға қарай арадағы айырма одан әрі қысқарады. Экспорт 97 миллиард, импорт 90,7 миллиард доллар деңгейінде күтіледі.
Әсіресе 2028 жылғы импорт болжамы едәуір өскен. Бұрын 87,7 миллиард доллар болады делінсе, қазіргі бағалау 90,7 миллиард долларға жетті. Экспортқа қатысты болжам өзгерген жоқ.
Импорттың өсуі елдегі ауқымды инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалармен байланысты болуы мүмкін. Құрылыс пен өндіріс кеңейген сайын шетелдік жабдыққа, техникаға, материалдар мен технологияға деген сұраныс та артады.
Мұнай бағасы біртіндеп төмендеуі мүмкін
Brent маркалы мұнайдың 2026 жылғы орташа бағасына қатысты болжам барреліне 84,6 доллардан 82,7 долларға дейін төмендетілді.
2027 жылғы баға 75 доллар деңгейінде сақталды. Ал 2028 жылға арналған болжам 71,8 доллардан 73,7 долларға көтерілді.
Мұнай бағасы Қазақстан экономикасы мен теңге бағамына тірек болып қала береді. Алайда болжамдар алдағы жылдары шикізаттан түсетін қолдау 2026 жылғы деңгейден әлсірейтінін көрсетеді.
Сауалнаманың негізгі сигналы теңге бағамының жақсарғанына қарамастан, инфляциялық қысымның ұзақ сақталуында жатыр. Экономикалық саясаттың басты міндеті қазіргі инвестициялық қарқынды өнімділікке, ішкі өндіріс пен әлеуетті жалпы ішкі өнімнің өсуіне айналдыру болмақ. Тұрақты әрі сапалы өсім импортқа тәуелділікті азайтып, халықтың нақты табысына көбірек әсер етуге тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







