Қазақстанда 2027 жылы айлық есептік көрсеткішті 4 693 теңгеге дейін көтеру ұсынылды. АЕК-ке байланған жол қозғалысы ережесін бұзу айыппұлдары шамамен 8,5 пайызға қымбаттайды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазір айлық есептік көрсеткіш 4 325 теңгені құрайды. Келер жылға ұсынылған мөлшер одан 368 теңгеге жоғары. АЕК айыппұл, салық, алым және бірқатар әлеуметтік төлемді есептеу үшін қолданылады.
Жол ережесіне қатысты жауапкершілік теңгемен тұрақты сома түрінде белгіленбейді. Әр құқық бұзушылыққа салынатын айыппұл Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте АЕК еселігімен көрсетілген. Сондықтан есептік көрсеткіш көтерілгенде заңдағы еселік өзгермесе де, төленетін ақша көбейеді.
Жоба қазіргі күйінде қабылданса, негізгі айыппұлдар төмендегідей өзгереді:
| Құқық бұзушылық | Айыппұл | 2026 жыл | 2027 жылғы жоба |
|---|---|---|---|
| Жылдамдықты 10-20 км/сағ асыру | 5 АЕК | 21 625 теңге | 23 465 теңге |
| Жылдамдықты 20-40 км/сағ асыру | 10 АЕК | 43 250 теңге | 46 930 теңге |
| Жылдамдықты 40-60 км/сағ асыру | 20 АЕК | 86 500 теңге | 93 860 теңге |
| Жылдамдықты 60 км/сағ және одан көп асыру | 40 АЕК | 173 000 теңге | 187 720 теңге |
| Бір жыл ішінде жылдамдықты қайталап асыру | 30 АЕК | 129 750 теңге | 140 790 теңге |
| Жол белгісі немесе таңба талабын бұзу | 3 АЕК | 12 975 теңге | 14 079 теңге |
| Бағдаршамның тыйым салатын сигналына өту | 10 АЕК | 43 250 теңге | 46 930 теңге |
| Қызыл шамға қайталап өту | 15 АЕК | 64 875 теңге | 70 395 теңге |
| Жаяу жүргіншілер жолымен көлік жүргізу | 15 АЕК | 64 875 теңге | 70 395 теңге |
| Тоқтау немесе тұрақ ережесін бұзу | 5 АЕК | 21 625 теңге | 23 465 теңге |
| Тротуарға және тыйым салынған орынға қою | 10 АЕК | 43 250 теңге | 46 930 теңге |
| Ақылы тұрақ ақысын уақтылы төлемеу | 1 АЕК | 4 325 теңге | 4 693 теңге |
| Қауіпсіздік белдігін тақпау немесе телефон қолдану | 5 АЕК | 21 625 теңге | 23 465 теңге |
| Полицияның тоқтау талабын орындамау | 40 АЕК | 173 000 теңге | 187 720 теңге |
| Басқару құқығы жоқ адамның көлік жүргізуі | 20 АЕК | 86 500 теңге | 93 860 теңге |
| Жаяу жүргіншінің жол ережесін бұзуы | 2 АЕК | 8 650 теңге | 9 386 теңге |
| Жаяу жүргіншінің бір жыл ішінде қайталап бұзуы | 10 АЕК | 43 250 теңге | 46 930 теңге |
Көлік жүргізу құқығының жоқтығы мен жүргізуші куәлігін өзімен бірге алып жүрмеу бір ұғымға жатпайды. Басқару құқығын мүлде алмаған немесе қажетті санаты жоқ адамның көлік жүргізуі 20 АЕК айыппұлға әкелуі мүмкін. Ал жүргізуші куәлігі Қазақстанда беріліп, дерек мемлекеттік базадан анықталса, қағаз құжатты өзімен алып жүру міндеті қолданылмайды.
Ақылы тұраққа қатысты есепте де заңдағы кейінгі өзгеріс ескерілгені жөн. Тұрақ ақысын уақтылы төлемегені үшін жаза 3 АЕК-тен 1 АЕК-ке, қайталанған жағдайда 5 АЕК-тен 2 АЕК-ке дейін төмендетілген. Өзгерісті Астана әкімдігінің ресми түсіндірмесі растайды.
Жылдамдықты сағатына 60 шақырымнан артық асыру жеке санат ретінде қарастырылады. Алғашқы құқық бұзушылық үшін 40 АЕК, оны бір жыл ішінде қайталаған жағдайда 60 АЕК көлеміндегі айыппұл көзделген. 2027 жылғы АЕК бекітілсе, соңғы сома 281 580 теңгеге жетеді. Қолданыстағы түзетуде аталған санат пен оның еселігі көрсетілген.
Жаяу жүргіншілерге салынатын айыппұлда өзгереді
Полиция қызметкерінің көлікті тоқтату жөніндегі заңды талабын алғаш орындамау 40 АЕК айыппұлға немесе үш тәулікке дейін әкімшілік қамаққа әкелуі мүмкін. Бір жыл ішінде қайталанған әрекет жүргізу құқығынан бір жылға айыруға және бес тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуға соқтырады. Басқару құқығы жоқ немесе одан айырылған адамға қатысты 60 АЕК айыппұл және 15 тәулікке дейін қамақ жазасы қарастырылған.
Ең үлкен теңгелік өсім АЕК еселігі жоғары құқық бұзушылықтарда байқалады. Мысалы, 40 АЕК айыппұл 173 мың теңгеден 187 720 теңгеге дейін өсіп, айырмасы 14 720 теңгені құрайды. 60 АЕК көлеміндегі жаза қазіргі 259 500 теңгенің орнына 281 580 теңгеге жетедіеді.
Жаяу жүргіншілерге салынатын айыппұл да жаңа көрсеткішке сай қайта есептеледі. Алғашқы құқық бұзушылық үшін 2 АЕК көлеміндегі төлем 8 650 теңгеден 9 386 теңгеге дейін көтеріледі. Бір жыл ішінде қайталанса, 10 АЕК немесе 46 930 теңге төлеуге тура келеді.
4 693 теңгелік АЕК әзірге түпкілікті бекітілген көрсеткіш саналмайды. 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы қоғамдық талқылаудан кейін Құрылтай қарауына жіберіледі. Соңғы мөлшер заң қабылданып, Президент қол қойғаннан кейін ғана белгілі болады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







