Алматыда алғаш рет қолға алынған «Жастар қатысатын бюджет» жобасына 203 өтінім түсіп, дауыс беру қорытындысымен үздік 10 бастама анықталды. Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Қажденбек жеңімпаздарға берілетін қолдау, жобаларды бақылау және бизнес өкілдерінің қызығушылығы жөнінде Ertenmedia.kz тілшісіне айтып берді.
– Екі жүзден астам өтінімнің арасынан инклюзивті білім беру, ақпараттық технология және медиа саласындағы 10 жоба іріктелді. Қала үшін қандай бағыттар басым саналады?
– Байқау сегіз негізгі бағыт бойынша ұйымдастырылды. Олардың қатарында инновациялық және әлеуметтік бастамалар, денсаулық сақтау, білім беру, цифрландыру мен қаланы абаттандыру жобалары бар. Жеңімпаздар тізіміне қарасақ, әр бағыттың Алматы үшін өзіндік маңызы бар екенін көреміз.
Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы жарияланды. Осыған байланысты жастардан цифрлық шешімге негізделген жобалардың көп түсуі қуантады. Ұсыныстар денсаулық сақтау, инклюзивті білім беру және қалалық ортаны жақсарту секілді бірнеше саланы қамтыды.
Біз жобаны тек тақырыбына немесе технологиялық сипатына қарай бағаламаймыз. Негізгі өлшем – бастаманың Алматыға және қала тұрғындарына беретін практикалық пайдасы. Ұсынылған идея нақты мәселені шешіп, күнделікті өмірге оң өзгеріс әкелуге тиіс.
Сондықтан үздік 10 жобаның бәрі қала үшін маңызды. Бірі ерекше қажеттілігі бар азаматтарға жаңа мүмкіндік ұсынса, екіншісі дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Тағы бір бастама қаланың цифрлық немесе әлеуметтік инфрақұрылымын жетілдіруге көмектеседі.
– Жоба Қазақстанда алғаш рет жүзеге асырылып отыр. Жастардың белсенділігін қалай бағалайсыз және мүлде жаңа идеялар болды ма?
– Алғашқы жылдың өзінде 203 өтінімнің түсуін жоғары белсенділік деп бағалаймыз. Жастар жаңа форматқа сенім білдіріп, өз идеяларын нақты жоба түрінде ұсынуға дайын екенін көрсетті. Алдағы жылдары қатысушылар саны мен бастамалардың сапасы арта түседі деп үміттенеміз.
Байқауда бұрын тұрақты қаржыландырылмаған бағыттар бойынша тың ұсыныстар кездесті. Соның бірі жеңімпаз атанған инклюзивті платформа. Жоба ерекше қажеттілігі бар азаматтарға білім мен қоғамдық ортаға бейімделу мүмкіндігін кеңейтуді көздейді.
Дұрыс тамақтануға арналған цифрлық қосымша да қызықты бастамалардың қатарына енді. Авторлар фермерлік өнім ұсынатын желімен ықпалдасып, пайдалы тағам таңдауға көмектесетін сервис әзірлеуді ұсынған. Мұндай жоба жастарға ғана емес, қала тұрғындарының кең тобына пайдалы болуы мүмкін.
Жастардың бірқатар ұсынысы технологияны әлеуметтік мәселемен ұштастырады. Цифрлық құрал мұнда мақсат ретінде емес, нақты түйінді шешудің тетігі ретінде қарастырылған. Осындай прагматикалық көзқарас жобалардың өміршеңдігін арттырады.
Алматының жас буыны қаланың мәселесін сырттан бақылап қана қоймай, оны шешудің жолын ұсына бастады. Жоба олардың идеясын қоғамдық дауысқа салып, қолдау жинауына мүмкіндік берді. Мұндай тәжірибе белсенді азаматтық мәдениетті қалыптастырады.
– Жеңімпаздар қандай қаржылай және әкімшілік қолдауға ие болады?
– Қаржы көлемі әр жобаның авторы ұсынған сметаға байланысты белгіленеді. Қатысушы алдымен идеясын беріп, кейін оған жасанды түрде қаражат көлемін сәйкестендірген жоқ. Автор жобаны жүзеге асыруға қанша қаржы қажет екенін алдын ала есептеп көрсетті.
Кейбір бастамаға 1 млн теңге жеткілікті болса, ауқымды жобаға 5 млн теңге қажет болды. Сондықтан қаржыландыру көлемі 500 мың теңгеден 5 млн теңгеге дейінгі аралықта белгіленді. Мұндай тәсіл бөлінген қаражаттың жобаны іске асыруға нақты жетуін көздейді.
Қаржылай қолдаумен қатар, қала әкімдігі әкімшілік сүйемелдеу жүргізеді. Алматы әкімі Дархан Өмірғалиұлы жобаға айрықша қолдау білдірді. Әр басқарма өз құзыретіне кіретін бастаманы жүзеге асыруға атсалысады.
Жастар үшін ең күрделі кедергінің бірі қаржыдан бұрын әкімшілік рәсім болуы ықтимал. Қоғамдық орында жоба өткізу, саябақ аумағын пайдалану немесе тиісті рұқсат алу белгілі бір тәртіпті қажет етеді. Қалалық басқармалар осы рәсімді жеңілдетіп, авторларға қажетті мекемелермен тікелей жұмыс істеуге көмектеседі.
Мақсат жастарды бюрократиялық айналымға салып қою емес. Автор өз күшін құжат тасуға емес, жобаның мазмұны мен сапасына жұмсауы керек. Әкімшілік сүйемелдеу бастаманың қағазда қалып қоймай, қала өміріне енуіне мүмкіндік береді.
– Қаражат игерілгеннен кейін жобалардың тоқтап қалмауына қандай бақылау жасалады?
– «Жастар қатысатын бюджет» форматының басты ерекшелігі – автордың идеядан бастап іске асыруға дейінгі үдеріске өзі қатысуы. Жастар жоба әзірлеп қана қоймай, оны әлеуметтік желіде таныстырып, тұрғындардан дауыс жинады. Сондықтан олар бюджет қаражаты мен қоғам сенімі алдында тікелей жауап береді.
Бұрын жобаны бір адам жазып, оны басқа ұйым жүзеге асыратын жағдай кездесетін. Мұндай кезде бастапқы идея мен нақты нәтиженің арасындағы байланыс әлсірейді. Жаңа форматта автор өз бастамасының орындалуын соңына дейін қадағалайды.
Бақылаудың бірінші деңгейін сарапшылар жүргізеді. Жастар саясаты басқармасы, мәслихат депутаттары мен Қоғамдық кеңес өкілдері қаржының жұмсалуын, межеленген индикаторлардың орындалуын және жобаның әрі қарай енгізілуін тексереді. Әр бастаманың нәтижесі бастапқы уәде және бекітілген жоспармен салыстырылады.
Екінші бақылаушы жобаға дауыс берген тұрғын. Автор адамдарды қолдауға шақырып, бастамасының жүзеге асатынына сендірді. Енді сол азаматтар жұмыстың нәтижесін сұрап, қоғамдық бақылау жүргізе алады.
Үшінші деңгейге өзге қатысушылар мен белсенді жастар ұйымдары тартылады. Байқауда жеңіске жетпеген үміткерлер де үздік жобалардың қалай жүзеге асқанын бақылауға мүдделі. Олар бақылаумен қатар, бастаманы бірлесіп дамытуға үлес қоса алады.
Жобалар бизнес өкілдерінің де назарын аударып отыр. Қазірдің өзінде басқармаға бірқатар компаниядан жеңімпаз бастамаларды қосымша қаржыландыру және кейін коммерцияландыру жөнінде ұсыныс түсті. Кәсіпкерлер платформада жарияланған жобаларды көріп, олардың нарықтық және әлеуметтік әлеуетін бағалай бастаған.
Осындай әріптестік мемлекеттік қаржы аяқталғаннан кейін де жобаның жұмысын жалғастыруға мүмкіндік береді. Бюджет алғашқы серпін берсе, бизнес бастаманы кеңейтіп, тұрақты өнімге немесе қызметке айналдыра алады. Авторлар өз кезегінде идеясының әлеуметтік мазмұнын сақтап, жаңа даму кезеңіне өтеді.
Біз «үштік спираль» қағидатын қалыптастыруды көздеп отырмыз. Оның бір жағында мемлекет, екінші жағында жастар, үшінші бөлігінде бизнес тұрады. Үш тараптың ресурсы мен жауапкершілігі біріккенде жоба бір реттік науқаннан тұрақты қалалық шешімге айналады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







