Павлодарда өздігінен қозғала алмайтын азаматтарды оңалту құралдарымен үздіксіз қамтамасыз етуге бағытталған пилоттық жоба іске қосылды. Бастама аясында мүгедектігі бар адам негізгі арбасы жөнделгенше немесе жаңасына ауыстырылғанша уақытша арба пайдалана алады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Әлеуметтік жоба қозғалыс құралындағы ақауға байланысты азаматтардың үйден шыға алмай қалмауын көздейді. Арба істен шықса, мамандар оның техникалық жағдайын тексеріп, жөндеуге жарамдылығын анықтайды. Қажет болған жағдайда комиссия құралды жаңарту жөнінде шешім қабылдайды.
Павлодар тұрғыны Александр Чебатов жаңа жобаның көмегіне жүгінген азаматтардың бірі. Ол төрт жыл бұрын биіктен құлап, ауыр жарақат алған. Содан бері тек арбамен қозғалады.
Қолданыстағы тәртіп бойынша техникалық оңалту құралы бес жылда бір рет ауыстырылады. Алайда күнделікті пайдаланылатын арба белгіленген мерзімге жетпей сынып қалуы мүмкін. Мұндай жағдай Александрдың да басынан өткен.
Ол жаңа жоба туралы әлеуметтік желіден білген. Кейін мүгедектігі бар адамдарды тасымалдаумен айналысатын азаматтан кеңес алып, тиісті мекеменің байланыс нөміріне хабарласқан.
– Арбам сынып, пайдалану мерзімі де аяқталуға жақындаған еді. Маған байланыс нөмірін берді. Хабарласқаннан кейін осында шақырды. Қазір комиссияның шешімін күтіп отырмын, – деді Александр Чебатов.
Мұндай қолдау мүгедектігі бар азаматтарға өте қажет
Мамандар істен шыққан арбаны тексеріп, оны жөндеу немесе жаңасына ауыстыру мүмкіндігін бағалайды. Жөндеу жұмыстары аяқталғанша Александрға уақытша қозғалыс құралы ұсынылған. Соның арқасында ол күнделікті тіршілігін жалғастырып, қажетті жеріне еркін бара алады.
Арбаларды қалпына келтірумен айналысатын Ерлан Құрманғазиев те жиырма жылдан бері арба пайдаланады. Сондықтан қозғалыс құралының аяқ астынан істен шығуы адам өміріне қаншалықты әсер ететінін жақсы түсінеді.
– Жоба енді басталды. Бастамасы жақсы. Мұндай қолдау мүгедектігі бар азаматтарға өте қажет. Арбада ақау пайда болса, оны тексереміз. Жөндеуге келмейтін жағдайда пилоттық жоба аясында уақытша арба береміз, – деді Ерлан Құрманғазиев.
Пилоттық жоба шілдеде қолға алынған. Техникалық оңалту құралына мұқтаж азаматтар SMS-хабарламада көрсетілген тәртіппен немесе байланыс орталығы арқылы өтініш бере алады. Әр өтініш жеке қаралып, құралдың жағдайына қарай тиісті шешім шығарылады.
Қазір жоба мамандары 21 азаматқа кеңес берген. Олардың арасында ересектер, балалар және заңды өкілдер бар. Алты адамның техникалық құралдары жөнделді. Бір азаматқа арбасы қалпына келтірілгенше уақытша қозғалыс құралы ұсынылған.
Уақытша берілетін арба жөндеу аяқталған соң мекемеге қайтарылады. Мамандар оны қайта тексеріп, қажет болса техникалық күтімнен өткізеді. Кейін құрал көмекке мұқтаж басқа азаматқа беріледі. Осылайша бір арбаны кезекпен бірнеше адам пайдалана алады.
Жобаның маңызы жөндеу қызметімен ғана шектелмейді. Негізгі мақсат – қозғалысы шектеулі азаматтың техникалық ақауға байланысты қоғамнан оқшауланып қалуына жол бермеу. Уақытша арба оның емханаға, жұмысқа, оқу орнына немесе қоғамдық мекемелерге баруына мүмкіндік береді.
Павлодар облысында қолға алынған модель тиімділігін көрсетсе, техникалық оңалту құралдарын уақытша пайдалану тетігін одан әрі кеңейтуге жол ашылмақ. Мұндай жүйе арбаға мұқтаж адамды жөндеу аяқталғанша күттірмей, оның қалыпты өмір ырғағын сақтауға көмектеседі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







