Қазақстандық Alaqan стартапы Kaspi Bank-ке қарсы сотқа талап арыз түсірді. Компания биометриялық төлем сервисіне Kaspi Alaqan атауын қолдануды тоқтатуды талап етіп отыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Alaqan Group Limited алақандағы көктамыр суреті арқылы адамның жеке басын анықтау және төлем жасау технологиясын дамытады. Компанияның Alaqan тауар белгісі 2025 жылғы 11 тамызда биометриялық жүйе, бағдарламалық қамтамасыз ету және технологиялық шешім әзірлеуді қамтитын санаттар бойынша тіркелген.
Стартаптың негізін қалаушы Берік Нұрымбетовтің сөзінше, тауар белгісін тіркеу туралы өтінім 2024 жылғы желтоқсанда берілген. Ал 2025 жылдың басында Alaqan командасы өз технологиясын Kaspi.kz кеңсесінде таныстырған.
Кейін банк алақан арқылы төлем жасауға арналған Kaspi Alaqan сервисін іске қосты. Стартап өкілдері бір атаудың бірдей технологиялық салада қолданылуын тіркелген тауар белгісіне берілген айрықша құқықты бұзу деп бағалап отыр.
Alaqan не талап етеді?
Талап арызды Астананың мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты өндіріске қабылдаған.
Стартап Kaspi-ге Kaspi Alaqan атауын және соған ұқсас өзге белгілерді қолдануға тыйым салуды сұрайды. Талап мобильді қосымшаға, терминалдарға, банкоматтарға, биометриялық жабдықтарға, жарнама мен ресми құжаттарға қатысты.
Компания даулы атауды банктің бүкіл цифрлық экожүйесінен алып тастауды да талап еткен.
Alaqan мәліметінше, іске тартылған екі маман Alaqan және Kaspi Alaqan белгілерін бір-бірімен шатастыру қаупі бар деген қорытындыға келген. Сарапшылар атаудың дыбысталуын, алақан бейнесін және биометриялық сәйкестендіру мен төлемге байланысты ортақ мағынаны негізге алған.
Нұрымбетовтің айтуынша, Kaspi Bank Kaspi Alaqan атауының әртүрлі нұсқасын тіркеу үшін 14 өтінім берген. Олардың арасында стартаптың тауар белгісі тіркелген санаттар да бар. Кәсіпкер кейбір өтінім бойынша алдын ала бас тарту туралы шешім шыққанын мәлімдеді.
«Бұл іс зияткерлік меншікті қорғау жүйесі үшін нағыз сынаққа айналуы мүмкін. Қазақстанда тауар белгісі бизнесті қорғайтын нақты құрал ретінде жұмыс істей ме, әлде куәлік формалды құжат болып қала ма?» — деді Берік Нұрымбетов.
Kaspi не дейді?
Kaspi бұған дейін өзгенің зияткерлік меншігін пайдаланды деген айыппен келіспеген.
Компанияның түсіндіруінше, «алақан» қазақ тіліндегі жалпы қолданыстағы сөз. Ол сервистің жұмыс істеу тәсілін тікелей сипаттайды. Сондықтан аталған сөзді бір компанияның меншігіне айналдыруға болмайды.
Банк Kaspi Alaqan сервисін қауіпсіздік архитектурасы бөлек, дербес әзірленген өнім деп таныстырған. Kaspi стартап өкілдерімен кездесу болғанын растады, алайда оны тек таныстыру сипатындағы жүздесу деп бағалады.
Енді сот «алақан» сөзін биометриялық технология саласында қорғалатын бренд элементі ретінде тануға бола ма, әлде ол төлем тәсілін ғана сипаттайтын жалпы ұғым ба деген мәселені шешуі керек.
Сот қорытындысы бір стартап пен банк арасындағы даудың шеңберінен шығуы ықтимал. Шешім Қазақстандағы технологиялық компаниялардың тауар белгісін тіркеу және зияткерлік меншігін қорғау тәжірибесіне ықпал ететін маңызды прецедентке айналуы мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







