Атырау облысында Хиуаз Доспанова атындағы халықаралық әуежайдың жолаушылар терминалын салуға дайындық басталды. Құрылыс барысы облыс әкімі Болат Ақшолақовтың төрағалығымен өткен жиында талқыланды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Жол картасына сәйкес, 1 қыркүйектен бастап жаңа терминалдың құрылыс алаңы дайындала бастайды. Айдың үшінші онкүндігінде жұмысшылар іргетас шұңқырын қазуға кіріседі. Жоба қазіргі әуежай инфрақұрылымымен үйлестіріліп жүзеге асырылады.
Құрылыс қарқыны инженерлік желілердің дайындығына тікелей байланысты. Сол себепті электр энергиясы, су және өзге коммуникациялар терминалмен қатар жүргізілуі керек. Облыс әкімі жауапты басқармаларға қосалқы станция салу мүмкіндігін қарастырып, оның сызбанұсқасын апта соңына дейін ұсынуды тапсырды.
Жаңа нысанда қауіпсіздік пен экологиялық тиімділікке де басымдық беріледі. Терминал заманауи өрт сөндіру жүйелерімен жабдықталып, жаңбыр суы жер астындағы арнайы резервуарларға жиналады. Кейін сол су көгалды тамшылатып суаруға пайдаланылмақ.

Болат Ақшолақов терминалдың архитектуралық келбеті Атыраудың табиғи және мәдени ерекшелігін танытуы қажеттігін атап өтті. Ғимарат тек жолаушы қабылдайтын нысан болып қалмай, өңірдің жаңа визит картасына айналуы тиіс. Оның сыртқы бейнесін қаланың бірыңғай сәулеттік тұжырымдамасына кіріктіру үшін урбанистер тартылады.
Жаңа терминал Атыраудың көлік әлеуетін арттырып, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Заманауи инженерлік жүйелер мен өңірлік нақыштың үйлесуі әуежайға функционалдық әрі символдық сипат бермек. Жауапты тұлғалар архитектуралық шешімдер мен жобаның жалпы тұжырымдамасын апта аяғына дейін таныстыруы керек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







