Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов қаладағы жол, кәріз және әлеуметтік нысандардың құрылысын тексерді. Өңір басшысы мердігерлерге жұмысты жеделдетіп, бөлінген қаржының тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуді тапсырды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Алдымен әкім Абай көшесіндегі орташа жөндеу барысымен танысты. Қазір жолдың негізі дайындалып, кейін асфальттің үстіңгі қабаты төселіп, таңбалар сызылады. Болат Ақшолақов театр алдындағы аумақты қоса алғанда, учаскені толық аяқтап, ауа райы қолайлы болса, 22 тамызда қозғалысты ашуды міндеттеді.
Қаладағы 11,1 шақырым кәріз желісі үш кезеңмен жаңартылып жатыр. Оның 7 шақырымы санация арқылы қалпына келтіріліп, 4,1 шақырым құбыр бұрғылау әдісімен ауыстырылады. Жүйенің өткізу қабілеті 50 пайыздан астам артып, 50 жылдан ұзақ қызмет ететін полимер құбырлар орнатылады.
Жастар көшесінен Еркінқала ауылына дейінгі 11,6 шақырым жолдың 8,7 шақырымы төрт жолаққа, қалған бөлігі екі жолаққа кеңейтіледі. Тайманов мектебіне дейінгі учаскеде жол негізі нығайтылып, гранит жиектастар салынып, инженерлік желілер көшірілуде. Әкім мектеп маңындағы жұмысты 30 қыркүйекке дейін аяқтап, саяжайлардағы проблемалы жолдарды фрезерленген материалмен бекітуді тапсырды.
Тасқала ауылындағы 600 орындық мектептің дайындығы 80 пайызға жеткен. Жерасты суына байланысты уақытша тоқтаған құрылыс 2024 жылы қайта жанданып, нысанды 2026 жылғы қарашада тапсыру көзделген. «Өрлеу» шағынауданындағы NCOC қаржыландырған 160 орындық балабақшада өрт қауіпсіздігін сақтап, бала қабылдауда жергілікті тұрғындарға басымдық беру тапсырылды.
Жаңаталаптағы 460 орындық Жамбыл мектебінің реновациясы 2027 жылы аяқталмақ. Әкім уақытша басқа білім ошақтарында оқитын балаларға автобус жалдап, тасымалды бірыңғай кестемен ұйымдастыруды жүктеді. Ол 1978 жылы салынған және 2015 жылы жөнделген ғимаратқа тағы 1,9 млрд теңге жұмсаудың экономикалық негізін қайта тексеруді талап етті.

Аймақ басшысының пікірінше, әбден тозған мектепті қайта-қайта жөндегеннен гөрі жаңа ғимарат салу тиімді болуы мүмкін. Сондықтан күрделі жөндеу тізіміндегі білім нысандарына техникалық және қаржылық аудит жүргізіледі. Әр мектеп бойынша шығын мен ұзақ мерзімді нәтиже салыстырылып, оңтайлы шешім қабылдануға тиіс.
Дамбыдағы 300 орындық жаңа мектеп 1 қыркүйекте оқушы қабылдауға дайындалуда, алайда Төтенше жағдайлар департаментінің қорытындысын күтіп отыр. Әкім сынақтарды жеделдету үшін Атырауда аккредиттелген зертхана бөлімшесін ашуды ұсынды. Атамбаев көшесіндегі бұрынғы гимназия аумағына 280 орындық балабақша салу мүмкіндігі де қарастырылады.
Сапар соңында «Атырау-Индер» жолының реконструкциясы тексерілді. Тапсырыс беруші мен мердігер арасындағы шешілмеген мәселелерден құрылыс баяулап, жұмыстың бір бөлігі тоқтаған. Болат Ақшолақов дауды қысқа мерзімде реттеп, қосымша мердігерлер тарту арқылы жобаны қайта жандандыруды тапсырды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







