Атырау облысында Доссор, Мақат және Сағыз теміржол вокзалдары күрделі жөндеуден кейін жолаушыларға қайта есік ашты. Ғимараттардың сыртқы келбеті жаңарып, күту залдары мен қызмет көрсету орындары заманауи талаптарға бейімделді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Өңірдегі теміржол инфрақұрылымын жаңарту жұмысы Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес жүргізіліп жатыр. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы мен Атырау облысының әкімдігі былтырғы қыркүйектен бастап тоғыз вокзалды жөндеу және жаңғырту жобасын бірлесіп жүзеге асыруда. Негізгі міндет жолаушыларға қолайлы жағдай жасап, аудан мен ауылдардағы көлік инфрақұрылымының сапасын көтеру.

Қазір Аққыстау, Ганюшкин, Сағыз, Мақат және Доссор вокзалдары пайдалануға берілген. Жамансор, Мұқыр және Исатай станцияларындағы жұмысты тамызда аяқтау жоспарланып отыр. Атырау вокзалы қазан айында ашылса, Құлсарыдағы нысанның жөндеуі де мәреге жақындаған.
Атырау магистральдық желі бөлімшесінің басшысы Аралбай Қосымбаев өңірдегі өзге вокзалдар да кезең-кезеңімен жаңғыртылатынын айтты. Теміржол станциялары шалғай елді мекендерді облыс орталығымен және еліміздің басқа аймақтарымен байланыстыратын маңызды көлік торабы саналады. Сондықтан оларды жаңарту әлеуметтік қолайлылықпен қатар, өңірдің экономикалық байланысын нығайтуға да ықпал етеді.

Жобалардың сапасын бақылау үшін арнайы «Вокзал шаруашылығын жаңғырту дирекциясы» құрылған. Дирекция жөндеу жұмысының талапқа сай және белгіленген мерзімде аяқталуын қадағалайды. Сонымен бірге нысандардың техникалық жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіп, мердігерлердің жұмысын үйлестіреді.
Атырау облысында барлығы 16 теміржол вокзалы жұмыс істейді. Қолға алынған жаңғырту бағдарламасы олардың бір бөлігін жаңа стандартқа көшіруге жол ашты. Жаңарған вокзалдар енді жолаушы күтетін қарапайым ғимараттан өңірдің келбетін танытатын заманауи көлік кеңістігіне айналуға тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







