Маңғыстау облысында алдағы жылыту маусымына дайындық аясында электр желілерін күрделі жөндеу жоспары толық орындалды. Өңірде жоспарланған 536 шақырым электр желісінің барлығы жаңартылды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Биыл облыста 536 шақырым электр желісін күрделі жөндеуден өткізу көзделген еді. Қазіргі таңда жұмыс көлемі 100 пайызға орындалды. Мұндай жаңғырту қыс мезгіліндегі апат қаупін азайтып, тұтынушыларды электр қуатымен тұрақты қамтуға бағытталған.
Сонымен қатар екі қосалқы станцияда күрделі жөндеу аяқталды. Тағы 77 тарату пункті, трансформаторлық және кешенді трансформаторлық қосалқы станция жаңартылды. Атқарылған жұмыс электр энергиясын тарату жүйесінің сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жылу желілерін қысқа дайындау жұмысы әлі жалғасып жатыр. Биыл жоспарланған 11,4 шақырым желінің 8,96 шақырымы жөнделді. Жоспардың орындалу деңгейі 78 пайызды құрайды.
Өңірдегі электр станцияларында үш қазандық агрегатын күрделі жөндеу аяқталған. Қазір тағы бір қазандық пен үш турбинада жөндеу жүріп жатыр. Негізгі энергетикалық жабдықтардың дайындығы жылыту маусымының тұрақты өтуіне тікелей әсер етеді.
Жөндеу науқаны Энергетика министрлігі Энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің Маңғыстау облысындағы аумақтық департаментінің тұрақты бақылауында. Мамандар орындалған жұмыстың сапасы мен белгіленген мерзімнің сақталуын қадағалайды. Қалған жылу және генерациялық нысандардағы жөндеуді маусым басталғанға дейін аяқтау көзделіп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







