Семейдегі құрылыс пен абаттандыру жұмыстары жергілікті материал өндірушілер үшін тұрақты нарық қалыптастырып келеді. Облыс әкімі Берік Уәли екі зауыттың өндірістік әлеуетімен танысып, отандық кәсіпорындарды қолдау қажеттігін айтты, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Аймақ басшысы алдымен «СӘТ ТРАНС» ЖШС үй құрылысы комбинатына барды. Кәсіпорын темірбетон бұйымдары мен құрылыс конструкцияларын шығаруға маманданған. Зауыттың жылдық өндірістік қуаты 29 мың текше метрді құрайды.
Комбинат жабын плитасын, қада, бағана, маңдайша, іргетас блогы мен жиектас өндіреді. Кәсіпорында жаяу жүргіншілерге арналған тақтатастар мен басқа да құрылыс материалдары шығарылады. Қазір өндіріс орнында 170 адам еңбек етеді.
Комбинат құрамында шағын бетон бұйымдарын дайындайтын жеке цех бар. Мұнда қабырғалық және қаптама блоктары, цемент-құм кірпіші, жиектас пен тротуар тақтатасы өндіріледі. Өнім Түркияның NAMTAS компаниясы шығарған жабдықта вибропрестеу әдісімен дайындалады.
Компания 2024 жылы өндірісін жаңғыртқан. Ендігі кезеңде шағын бетон бұйымдарын шығаратын цехты кеңейту жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде жаяу жүргіншілерге арналған тақтатас өндірісінің көлемі артады.
Берік Уәли барған келесі нысан 2023 жылы құрылған «AMEGA» жарық өткізгіш конструкциялар зауыты болды. Кәсіпорын екі қабатты шыны пакеттер, ПВХ және алюминий терезелер мен есіктер шығарады. Мұнда табақ шыныны қалыптау және өңдеу, металл есік пен терезе өндіру жолға қойылған.

Зауытта 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өндіріске қажетті шикізат Қазақстаннан, Ресейден және Германиядан жеткізіледі. Дайын өнім ішкі нарықта сатылады.
Облыс әкімінің мәліметінше, Семейде 28 мыңға жуық адам шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысады. Кәсіпкерлік нысандарында 70 мыңға тарта адам еңбек етеді. Берік Уәли мұны қала экономикасы үшін маңызды көрсеткіш деп бағалады.
Қазір Семейде тұрғын үй, жол және әлеуметтік нысандар құрылысы қарқын алған. Қалада жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстары да құрылыс материалдарына сұранысты арттырып отыр. Өңір басшысы осындай жағдайда жергілікті кәсіпорындардың әлеуетін барынша пайдалану қажет екенін айтты.
Берік Уәли Президенттің шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі тапсырмасын еске салды. Оның сөзінше, сұраныс бар кезде жергілікті өндірушілерге жаңа нарыққа шығуға мүмкіндік берілуі керек. Әкімдік Семейдегі өндіріс орындарына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







