11 қыркүйекте Қазақстанның батысында салқын ауа райы сақталса, оңтүстік, солтүстік және шығыс өңірлерде күн ыстық болады. Кей аймақта жаңбыр жауып, найзағай ойнап, жел күшейеді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Астанада жауын-шашын болмайды, күндіз ауа температурасы 30-32 градусқа дейін көтеріледі. Алматыда 32-34 градус ыстық болып, күн ашық тұрады. Шымкентте де 32-34 градус болғанымен, жаңбыр жауып, найзағай ойнайды және желдің екпіні секундына 20 метрге жетеді.
Ең ыстық ауа райы Жетісу мен оңтүстікте күтіледі. Талдықорғанда күндіз 34-36, Қонаевта, Тараз бен Түркістанда 33-35 градус болады. Павлодарда 32-34, Өскеменде 31-33, Семейде 30-32 градус ыстық сақталады.
Қарағанды, Көкшетау және Петропавлда күндізгі температура 30-32 градусқа жетеді. Астанада, Көкшетау мен Петропавлда жел күшейіп, екпіні секундына 15-20 метр болуы мүмкін. Жезқазғанда 24-26 градус жылы болып, жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.
Батыста күздің салқыны анық сезіледі. Ақтөбеде жаңбыр жауып, күндіз 20-22 градус болса, Оралда 18-20, Атырауда 21-23, Ақтауда 23-25 градус жылы болады. Ақтөбеде түнгі температура 8-10 градусқа дейін төмендейді.
Қостанайда жаңбыр мен найзағай болжанып, күндіз небәрі 17-19 градус болады. Қызылордада да жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, ауа температурасы 25-27 градус шамасында қалыптасады. Сөйтіп, жұма күні бір елдің тұрғындары жазғы ыстықтан көлеңке іздесе, екінші бөлігі күртешесін қайта киюге мәжбүр болады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







