Маңғыстау облысында Жаңаөзен қалалық ауруханасына демеушілік көмек ретінде бөлінген ақшаны жымқыру бойынша тың дерек тарады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қаржы мониторинг агенттігінің мәліметінше, аталған әрекетке қала әкімінің бұрынғы орынбасары, аурухана басшылығы мен қоғамдық қор өкілдерінің қатысы бар.
Тергеуге сәйкес, 2025 жылы облыстық денсаулық басқармасы Жаңаөзенде күйіктен емдеу бөлімшесін ашу үшін «ҚазМұнайГаздан» көмек сұраған. Ұлттық компания өтінішті қанағаттандырып, «ӨзенМұнайГаз» арқылы жобаға 223 миллион теңге бөлген. Ақша ресми түрде «Жарылқау» қоғамдық қорының есепшотына аударылған.
8 түрлі медициналық жабдықтың орнына 2 кереует
Жоспар бойынша демеушілер бөлген қаражатқа күйіктен емдеу бөлімшесін толыққанды жарақтандыру үшін 8 түрлі медқұрал-жабдық сатып алынып, дәрігерлер мен мамандарды оқыту көзделген. Алайда кейіннен жобаның талаптары түбегейлі өзгерген.
Кешенді меджабдықтың орнына қоғамдық қор, қалалық аурухана және «AKBS Invest» ЖШС арасында үшжақты шарт жасалып, 210 миллион теңгеге (күйікке қарсы) екі дана төсек сатып алынған.
Қаржы мониторингінің хабарлауынша, құны жүздеген миллион теңге тұратын қымбат медтехниканы заңға сәйкес Бірыңғай дистрибьютор арқылы алу міндетті болған. Алайда күдіктілер заңнамалық шектеуді айналып өтіп, жеке компаниямен тікелей шарт бекіткен.
Қаражат қалай жымқырылды?
Тергеу көрсеткендей, жеткізілген екі кереуеттің нарықтық құны 90 миллион теңгені ғана құраған. Ал қалған 131 миллион теңге үлестес кәсіпорындар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, қылмыстық схемаға қатысушылар арасында бөліске салынған.
Заңсыз табысқа кенелген «AKBS Invest» ЖШС өкілі қылмыстық жолмен тапқан ақшаға Астана қаласынан элиталық пәтер алып, оны үшінші тұлғалардың атына рәсімдеп үлгерген.
Қаржы мониторинг агенттігі күдіктілер тобының толық құрамын анықтады:
- Жаңаөзен қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары;
- Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасы директорының орынбасары;
- «Жарылқау» қоғамдық қорының басшысы;
- «AKBS Invest» ЖШС компаниясының өкілі (жеткізуші).
Үш адам қамауға алынды
Жаңаөзен қаласы әкімінің экс-орынбасарына қатысты Қылмыстық кодексінің 361-бабы («Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Қылмыстық іс аясында негізгі үш күдікті сот шешімімен қамауға алынып, тергеу изоляторына жабылды. Мемлекетке келтірілген шығынды өтеу мақсатында сот санкциясымен күдіктілердің мүлкіне, атап айтқанда 3 пәтерге, 2 жер үйге және автокөлікке ресми тыйым салынды. Қазіргі уақытта іс бойынша кешенді тергеу амалдары жалғасуда.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







