Kaspi.kz қосымшасында жол қозғалысы ережесін бұзған сәттің видеосын көруге мүмкіндік беретін жаңа сервис іске қосылды. Енді жүргізушілер айыппұлдың қандай жағдайға байланысты салынғанын қосымшадан тексере алады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңа қызмет Kaspi.kz пен Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті бірлесіп жүзеге асырған жоба аясында пайда болды.
Бұған дейін қосымшада құқық бұзушылық туралы мәлімет пен айыппұл сомасы ғана көрсетілсе, енді оған оқиға тіркелген бейнежазба да қосылады.
Жүргізуші айыппұл салуға негіз болған жол ережесін бұзу сәтін көріп, камераның нақты нені тіркегенін өзі тексере алады.
Видеоны қалай көруге болады
Бейнежазбаны айыппұлды төлеуге арналған парақшадан сұрату қажет. Өтінімді мемлекеттік орган өңдегеннен кейін қолданушының Kaspi.kz қосымшасына хабарлама келеді.
Видео қосымшада жеті күн бойы қолжетімді болады.
Айыппұл төленіп қойған жағдайда да бейнежазбаны «Төлемдер тарихы» бөлімінен көруге болады.
Жаңа мүмкіндік жүргізушілерге айыппұлдың мән-жайын нақтылауға және жол камерасы тіркеген деректі қосымшадан шықпай-ақ қарауға жол ашады. Бұрын мұндай жазбаны алу үшін тиісті мемлекеттік органға бөлек өтініш жасау қажет болатын.
Сервиске қатысты толық нұсқаулық Kaspi Гидте жарияланған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







