Тауман Назарбаев пен Айдана Сәрсембаеваның үйлену тойы аса құпия әрі барынша жабық форматта ұйымдастырылды. Елорданың ең сәнді қонақүйлерінің бірінде өткен шара барысында қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, бөгде адамдардың кіруіне түбегейлі тыйым салынған, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ақ гүлдерге оранған зал және жасырын есік
Ұлысмедианың дерегінше салтанатты кеш Астана қаласындағы The Ritz-Carlton қонақүйінде өткен. Ұйымдастырушылар банкет аймағын безендіруге ерекше мән беріп, флористикаға қомақты қаржы бөлген. Қонақүйдің қабылдау бөлімі көлемді гүл композицияларымен көмкерілсе, орталық баспалдақ түгелдей дерлік аппақ гүлдерге оранған.
Салтанат өтіп жатқан аумаққа қарапайым тұрғындар мен қонақүй келушілерінің жақындауына мүмкіндік берілмеген. Тіпті лобби қонақтарына «аса маңызды іс-шара өтіп жатыр» деген сыпайы ескерту жасалып, орындарынан кетуі сұралған.
Шақырылған меймандардың бөгде көзден тыс өтуі үшін ғимараттың бүйір жағынан арнайы жасырын дәліз бен есік қарастырылған.
Смартфондарға магнитті құлып салынды
Тойдан әлеуметтік желілерге фото мен видео ақпараттардың тарап кетпеуі қатаң қадағалған. Осы мақсатта келген қонақтарға ұялы телефондарын магнитті құлпы бар арнайы сөмке-қаптарға салу міндеттелген.
Дүниежүзілік жабық концерттер мен әлемдік деңгейдегі стендап-шоуларда қолданылатын аталған технология кеш барысында смартфон камераларын түгелдей бұғаттауға мүмкіндік берді. Меймандар кеш аяқталғанға дейін видео немесе суретке түсіру құқығынан толық айырылған.
Jah Khalib-тің әні және таңға дейінгі жабық кеш
Тойдың ресми бөлімінде өнер көрсеткен негізгі хедлайнерлердің бірі – танымал қазақстандық орындаушы Jah Khalib болды.
Басты мекемедегі шарадан кейін той афтерпати форматындағы түнгі сауық кешіне ұласқан. Ол үшін елордадағы танымал Lilou Bar толықтай жалға алынып, өзге келушілер үшін есігін тас жапқан. Мекеме әкімшілігі бұл күні нысанның тек жеке мерекеге жұмыс істейтінін әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы алдын ала ескерткен.
Тойдың қатаң құпия өткізілуі себепті қатысқан мәртебелі меймандардың нақты тізімі, сыйға тартылған тарту-таралғылар мен тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың шарада болған-болмағаны туралы ақпарат ресми түрде жарияланбады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







