Президент Тоқаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясында ресми Сеулмен жалпы құны 19 миллиард АҚШ долларын құрайтын ірі коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Екі ел басшыларының кеңейтілген құрамдағы келіссөздері барысында энергетика, жоғары технологиялар, инвестиция және қала құрылысы бағыттарындағы серіктестікті сапалық жаңа деңгейге көтеру туралы тарихи уағдаластықтар бекітілді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
19 миллиард долларлық келісімдер және өндірісті локализациялау
Сеулде өткен бизнес-форум мен ресми кездесулердің басты нәтижесі – 19 миллиард доллар көлеміндегі ауқымды инвестициялық келісімшарттар пакеті. Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Кореяның ірі корпорацияларының жетекшілерімен жеке-жеке келіссөз жүргізді.
Атап айтқанда, Hyundai Motor Group басшылығымен кездесуде еліміздегі көлік өндірісін кеңейтіп қана қоймай, бөлшектерді өндіруді тікелей Қазақстан ішінде локализациялау мәселесі нақтыланды.
МЫНАНЫ ДА ОҚИ КЕТІҢІЗ«Бас сүйегімен шарап ішеміз»: Астанадағы қырғыз қыздары қазақ халқынан кешірім сұрады1 теңгеден миллиардтарға дейін: «Қазақстан халқына» қорының есебі жарияландыБөгде құндылықтардан қорғану және тарихты мифологизациялауға жол бермеу – Вице-Президент жаңа қоғамдық этиканы қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті
Сонымен қатар жаңа қонақүй желілері мен мұнай өңдеу зауытын салу, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту жөнінде нақты келісімдер жасалды. Оңтүстік Кореяның еліміздің экономикасына салған тікелей инвестициясы қазірдің өзінде 12 миллиард доллардан асқан, ал жаңа жобалар бұл қарқынды еселей түспек.
«Alatau City» және беделді KAIST институтының филиалы
Келіссөздердегі ең маңызды тақырыптардың бірі – Алматы маңында бой көтеріп жатқан «Alatau City» ақылды қаласының құрылысы болды. Мемлекет басшысы аталған қаланың ерекше құқықтық мәртебесі тікелей Конституция деңгейінде бекітілгенін атап өтіп, оңтүстіккореялық инвесторларға мемлекет тарапынан толық заңдық кепілдік берілетінін мәлімдеді.
Ең басты жаңалықтардың бірі ретінде Алатау қаласында әлемдегі ең беделді техникалық жоғары оқу орындарының бірі саналатын Кореяның озық ғылым және технологиялар институтының (KAIST) филиалын ашу туралы келісімге қол қойылды.
Аталған орталық Қазақстанда жасанды интеллект, робототехника және жоғары технологиялар саласында мамандар даярлайтын негізгі ғылыми хабқа айналмақ.
Қазақстандық жұмысшыларға жаңа мүмкіндік: 12 стратегиялық құжат
Мемлекет басшыларының қатысуымен екі елдің делегациялары 12 үкіметаралық және ведомствоаралық маңызды құжатқа қол қойды.
Қазақстандықтар үшін аса өзекті шешімдердің қатарында Кореяның ресми жұмыспен қамтуға рұқсат беру (EPS) жүйесі бойынша келісім бар. Бұл құжат отандастарымыздың Оңтүстік Кореяда заңды түрде, еңбек құқықтары толық қорғалған жағдайда жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Одан бөлек:
- Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану жөніндегі ынтымақтастық;
- Мұнай-газ химиясы және энергетика саласындағы серіктестік;
- Зияткерлік меншікті қорғау мен ормандарды цифрлық қалпына келтіру мәселелері қамтылды.
Мемлекет басшысының мәлімдемесі
Корея Республикасының Президенті Ли Чжэ Мёнмен өткен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев қос мемлекет арасында ешқандай саяси келіспеушілік жоқ екенін, екіжақты байланыс уақыт сынынан өткенін жеткізді. Қазақстан Президенті қабылданған шешімдердің экономика үшін стратегиялық мәніне тоқталды.
«Екіжақты қарым-қатынастарға келер болсақ, сапар аясында жалпы құны 19 миллиард долларды құрайтын коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Біз кореялық инвесторлармен жұмысқа дән ризамыз және олармен әріптестікті әрі қарай жалғастыруға дайынбыз. Жаңа қонақүйлер, мұнай өңдеу зауытын салу және қала құрылысы саласында ауқымды жоспарлар бар. Мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға да баса назар аударылады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Ли Чжэ Мён Қазақстанның энергетикалық және табиғи ресурстарға ғана емес, аса зор технологиялық әлеуетке ие екенін айтып, елімізді экономикалық қауіпсіздік саласындағы ең басты стратегиялық одақтас деп атады.
Тарихи құрмет және өңірлік саммит
Келіссөздер барысында тарихи байланыс та назардан тыс қалмады. Корея Президенті кезінде Қызылорда жерінде жерленіп, сүйегі Отанына салтанатты түрде қайтарылған корей халқының ұлттық батыры, генерал Хон Бом Доның рухына көрсетілген құрмет үшін Қазақстан халқына ерекше алғысын білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сапары одан әрі жалғасып, Мемлекет басшысы Орталық Азия мен Оңтүстік Корея арасындағы тұңғыш өңірлік саммитке қатысады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







