Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан 23 жастағы жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот процесі мәресіне жақындап қалды. Қылмыстық істі қарап жатқан сот отырысында оқиға бойынша тергеу жүргізген полиция департаментінің тергеушісінен жауап алынды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Тергеушінің соттағы мәлімдемесі
Сот отырысында куәгер ретінде Астана қалалық полиция департаменті тергеу басқармасының тергеушісі, полиция капитаны Аяжан Нүсіпбекова сөз сөйледі. Ол аталған қылмыстық іс бойынша жиналған дәлелдемелер мен оқиғаның мән-жайын баяндап, ғимарат қасбетінің опырылу себептеріне тоқталды.
Тергеушінің айтуынша, айыпталушы Салтанат Жұбаниязова мүлік иелері бірлестігінің (МИБ) төрайымы қызметін атқарған алты ай ішінде ғимараттың техникалық кемшіліктерін жою үшін тиісті шараларды қабылдамаған. Қолданыстағы тұрғын үй қорын пайдалану ережелеріне сәйкес, басқарушы орган жылына кемінде екі рет үйдің шатырынан бастап негізгі конструкцияларына дейін көзбен шолып қарауы шарт.
«Жұбаниязова үйге уақтылы қарау жүргізіп, құрылыс мамандарын немесе альпинистерді шақырғанда, бұл опырылудың алдын алуға болар еді. Алайда оның тарапынан ешқандай жұмыс істелмеген. Салдарынан бес адам зардап шекті», — деді Аяжан Нүсіпбекова.
Құрылыс сапасы мен тергеу әрекеттері
Полиция өкілі бастапқыда іс сапасыз құрылыс бабы бойынша тіркелгенін, алайда ғимарат пайдалануға берілгеннен кейінгі кепілдік мерзімі өтіп кетуіне және тиісті заңнамалық нормалардың кері күші болмауына байланысты ол өндіріс тоқтатылғанын түсіндірді. Кейін тергеу МИБ төрайымының әрекетіне қатысты Қылмыстық кодекстің 254-бабы («Өз міндетіне салғырт қарау») бойынша жалғасқан.
Сонымен қатар сотта тінту және құжаттарды тәркілеу процесінің заңдылығы қаралды. Тергеуші құжаттар мен техникалық қорытындылар айыпталушының пәтерінен, көлігінен және үйдің жертөлесінен тәркіленгенін, тергеу әрекеттері заң шеңберінде жүргізілгенін атап өтті.
«Қосымша тексеру кезінде көзім нашар көрсе де, екінші және үшінші қабаттардағы жарықтарды өзім байқадым. Төрайым қалайша мұны көрмей қалды және қауіптің алдын алмады?» — деп сұрақ қойды тергеуші сот залында.
Сот залындағы тартыс
Сұрақ-жауап кезінде айыпталушының қорғаушысы мен мемлекеттік айыптаушы арасында дау туындады. Қорғаушы тарап тергеу уәждеріне күмән келтіріп, сұрақтар шектеліп жатқанын айтып, 1937 жылғы репрессия мен соттан тыс органдарды мысалға келтірді. Судья Меруерт Абаева адвокатқа негізсіз сөздері үшін сот отырысының хаттамасына тіркей отырып, ресми ескерту жасады.
2025 жылғы қарашада елордадағы тұрғын үйдің қасбеті мен ауыр конструкциялар құлаған сәтте көмекке ұмтылған 23 жастағы жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан ауыр жарақат алып, ауруханада қайтыс болған еді. Мемлекет басшысының жарлығымен ол қайтыс болғаннан кейін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Қазір сот процесі соңғы кезеңге еніп, тараптардың жарыссөзі жақындап қалды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







