Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты сотта мемлекеттік айыптаушы болып, кейін депутаттық мандатқа ие болған Айжан Аймағанова Құрылтай отырысында әскери техника мен қаруды үшінші тарапқа сату талаптарына қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Парламенттегі «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Қазақстан мен Сербия Үкіметтері арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялауға арналған заң жобасын талқылау кезінде Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаевқа нақты сауал жолдады. Заңгер ел аумағына әкелінген немесе экспортталатын қорғаныс кешендерінің құқықтық мәртебесін айқындауды талап етті.
«Егер Қазақстанда қару-жарақ пен әскери техниканы экспорттауға ұлттық заңнамаға сәйкес рұқсат берілген болса, оны үшінші мемлекетке қайта экспорттау үшін бастапқы жеткізуші мемлекеттің келісімін қайтадан алу міндетті ме?», – деп сұрақ қойды Айжан Аймағанова.
Жауапты ведомство өкіліне бағытталған сауал халықаралық құқықтық міндеттемелер мен мемлекеттің стратегиялық қауіпсіздік талаптарының толық сақталу тетіктерін нақтылауға бағытталған.
Жаңа қызметтегі алғашқы қадамдар
Көп жыл бойы прокуратура органдарында қызмет етіп, тәжірибе жинақтаған Айжан Аймағанова заң талабына сай мемлекеттік қызметінен өз еркімен босатылып, сайлау науқанына қатысқан еді. Бүгінде ол Құрылтайдың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің құрамында жұмыс істеп жатыр.
Экс-прокурор әлеуметтік желідегі парақшасында жаңа өкілеттігі шеңберіндегі алғашқы екі аптаның есебін бөлісті. Оның айтуынша, осы аралықта заң жобалары бойынша жұмыс топтарының отырыстары ұйымдастырылып, 18 азамат жеке қабылдауға жазылып, өтініштерін жеткізген.
«Осы жылдар бойы азаматтар мен журналистер тарапынан үлкен қолдауды сезіндім. Қазіргі мүмкіндікке ие болуымда әрқайсыңыздың үлесіңіз бар. Ең бастысы — халықтың артқан сенімін ақтау», – деп атап өтті депутат.
Парламент қабырғасындағы қызметін сот жүйесі мен қадағалау органдарында жиған тәжірибесімен ұштастырған Айжан Аймағанова алдағы уақытта да заң шығару бастамаларына қатысып, сайлаушылардың арыз-шағымдарын назарда ұстауды жоспарлап отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







