Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамды ауыл мен қала деп бөлмеуге, азаматтарды «асфальтта өскен», «шала» немесе «нағыз қазақ» деп жіктеуді доғаруға шақырды. Мемлекет басшысының бастамасына қатысты вице-президент Ерлан Қарин пікір білдіріп, ұлттың ілгерілеуін тежейтін ескірген нарративтерден түбегейлі арылудың маңызын түсіндірді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қоғамды серпілткен батыл пікірлер
Мемлекет басшысы Халық кеңесінің мінберінде бір сағаттан астам уақыт сөз сөйлеп, мемлекет пен қоғам дамуына қатысты түйткілді тақырыптарды қозғады.
Вице-президент Президенттің соңғы уақыттағы барлық баяндамаларында жұртшылықты елең еткізетін, қоғамдық талқыға түрткі болатын ойларды ашық айтуды үрдіске айналдырғанын атап өтті. Бұған дейін ұлт тарихын тек қасірет ретінде көрсетуді тоқтату, жаңа қоғамдық әдептер мен тазалық мәдениетін қалыптастыру жөніндегі идеялар ел ішінде қызу талқыланған болатын.
Ерлан Қарин Президенттің бүгінгі жиында көтерген мәселесі көпшіліктің көкейінде жүргенін алға тартты.
«Мемлекет басшысы бүгін де ауыл мен қаланы бөлмеу, адамдарды «асфальтта» өскен қазақтар, шала қазақтар, нағыз қазақтар деп алаламау туралы ойымен бөлісті. Мұның бәрі кезінде қалыптасып кеткен, бүгінде әбден ескірген, ұлттың дамуына кері әсер ететін нарративтер. Шын мәнінде, Президент көпшіліктің көкейінде жүрген дүниені айтты деп ойлаймын. Оны Халық Кеңесінің жиынына қатысқан адамдардың құптап, қолдағанынан-ақ байқауға болады», – деп жазды Ерлан Қарин.
Ұстанымдарды қайта қарау кезеңі
Вице-президенттің пікірінше, Мемлекет басшысының бұл сөздері қоғамда әбден тамыр жайып кеткен кейбір түсініктер мен жекелеген құндылықтарды қайта електен өткізу қажеттігін айқын аңғартты.
Егер ел жаңа сападағы сана қалыптастырып, ұлттық бірегейлікті бекемдеуді көздесе, қоғамның дамуын тежейтін екіұшты әрі зиянды көзқарастардан біржола қол үзгені абзал. Бұл бағытта тұтастық қағидаты басты орынға шығуы тиіс.
Ерлан Қарин ұлт бірлігіне сызат түсіретін жағымсыз әдеттермен күресудің түпкі мәнін түсіндірді:
«Ұлттық бірегейлік пен бірліктің бірден-бір негізі – тұтастық, яғни азаматтарды бөліп-жармау, жік-жікке бөлмеу. Сондықтан Президент айтқан ойдың түпкі мәні ұлттық менталитет пен психологияда қалыптасып кеткен осындай кеселдерден арылу керектігінде болып тұр. Мұны да ендігі жерде назарға алуға тиіспіз», – деп атап өтті вице-президент.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







