Парламент Мәжілісінің бұрынғы спикері Ерлан Қошанов жаңадан құрылған конституциялық орган – Қазақстан Халық Кеңесінің тұңғыш төрағасы болып сайланды. Оның кандидатурасын Президент Тоқаев ұсынып, Кеңес мүшелері жасырын дауыс беру кезінде бір кісідей қолдады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жасырын дауыс беру және Президент сенімі
Елордада өткен ұйымдастырушылық отырыста Санақ комиссиясы жасырын дауыс беру нәтижесін жариялады. Комиссия төрағасы Мұрат Әбеновтің хабарлауынша, дауыс беру жәшігінен 121 бюллетень шыққан. Жарамсыз бюллетеньдер тіркелмеген. Қорытынды бойынша 120 мүше Қошановтың кандидатурасын жақтап дауыс берсе, бір адам қалыс қалған, ал қарсы шыққандар болмады. Осылайша ол алдағы төрт жылға Кеңес төрағасы болып бекіді.
Мемлекет басшысы жаңа құрылымды басқаруға мемлекеттік қызметте мол тәжірибесі бар, елге танымал тұлға келуі қажет екенін атап өтті.
«Бұл – конституциялық мәртебесі бар, беделді лауазым. Сондықтан бұл лауазымға елге белгілі, халық пен биліктің арасында дәнекер болатын азамат келуге тиіс деп санаймын. Осының бәрін ескере отырып, мен Ерлан Жақанұлы Қошановтың кандидатурасын ұсынамын. Ол мемлекеттік қызмет жүйесінде ұзақ жыл еңбек етіп, өз міндетін абыроймен атқарды. Халық кеңесі төрағасы ретінде табысты жұмыс істеп, қоғамдық келісімді нығайтуға зор үлес қосатынына күмәнім жоқ», – деді Мемлекет басшысы.
«Халық мүддесін білдіретін жаңа саяси орган»
Өз кезегінде Ерлан Қошанов Президентке және қолдау көрсеткен Кеңес мүшелеріне ризашылығын білдірді. Ол аталған органның мемлекеттің саяси жүйесіндегі орны мен алға қойылған міндеттерінің маңызына тоқталды.
«Бүгін – барлығымыз үшін айрықша күн. Біз ел өмірінде ерекше орын алатын жаңа институттың қалыптасқанына куә болып отырмыз. Оның жұмысына тікелей араласу құрметіне ие болдық. Мемлекетіміздің саяси жүйесінде халықтың мүддесін білдіретін жаңа саяси орган пайда болды. Халық кеңесінің құрылуы – Мемлекет басшысы жүргізіп отырған ауқымды әрі жүйелі реформалардың нақты нәтижесі», – деп мәлімдеді Ерлан Қошанов.
Өндірістен басталған саяси жол
Ерлан Қошанов 1962 жылы Қарағанды облысының Шет ауданында дүниеге келген. Қарағанды политехникалық институтының Жезқазғандағы филиалын инженер-механик, ал Қазақ мемлекеттік басқару академиясын экономист мамандығы бойынша тәмамдаған.
Ол еңбек жолын Жезқазған тау-кен металлургия комбинатында қарапайым слесарь әрі шебер болып бастап, өндірістік шыңдалудан өткен. 1990 жылдары өңірлік мемлекеттік органдарда басшылық қызметтер атқарған. Кейін Парламент Сенатының депутаты, Үкіметтің Парламенттегі өкілі, Көлік және коммуникация вице-министрі мен Азаматтық авиация комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды.
Тәжірибелі саясаткер ұзақ жылдар бойы Премьер-министр Кеңсесін басқарды, кейін Қарағанды облысының әкімі және Президент Әкімшілігінің Басшысы лауазымдарын атқарды. 2022 жылдан бастап биылғы жазға дейін Парламент Мәжілісінің Төрағасы болған ол енді еліміздің жаңа конституциялық диалог алаңына жетекшілік етеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







