Бүгін еліміз ауыр қайғыға ұшырады. Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиғаның салдарынан 12 әскери қызметші қаза тауып, үшеуі құтқарылды. Әлі табылмаған екі әскери қызметшіні іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қаза тапқан сарбаздар мен офицерлердің отбасыларына, туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Президент және бүкіл Қазақстан халқы сіздердің орны толмас қайғыларыңызға ортақ.
Арнайы комиссия құрылды
Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет менің жетекшілігіммен арнайы комиссия құрды. Осы жағдайға байланысты құзырлы органдар қылмыстық істер қозғады.
«Тергеу барынша мұқият, жан-жақты әрі қысқа мерзімде жүргізіледі. Қайғылы оқиғаға себеп болған әрбір лауазымды тұлға заң алдында ең қатаң түрде жауап береді», – деді Қанат Бозымбаев.
Отбасыларға көмек көрсетіледі
Мемлекет қаза тапқандардың отбасыларын жалғыз қалдырмайды. Қаза тапқан әрбір әскери қызметшінің отбасына қомақты материалдық көмек беріліп, сондай-ақ барлық қажетті қолдау көрсетіледі.
Тергеу барысы мен отбасыларға көмек көрсету жұмысын жеке бақылауымда ұстаймын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






