Қазақстанның Бас прокуратурасында Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болу дерегі бойынша тергеу барысы туралы хабарлады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Тергеушілер оқиға орнын қарап шығып, 30-дан астам әскери қызметшіден жауап алды, құжаттар мен бейнематериалдарды тәркілеп, 12 сараптама тағайындады.
«Қызметке немқұрайлы қарады, сондай-ақ метеорологиялық жағдайларды ескере отырып, жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бақылау мен қажетті шараларды қабылдамады, құтқару жұмыстарын тиісті деңгейде ұйымдастырмады, бұл адамдардың өліміне әкеп соқтырды деп күдіктелген лауазымды тұлғалар анықталды», – делінген қадағалау органының хабарламасында.
Сондай-ақ тергеу барлық күдіктілерге толық құқықтық баға беріп, процестік шаралар қабылдайтынын атап өтті.
Оқиғаның мән-жайы
24 қыркүйекте Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде ауа райының бұзылуы мен желдің күшеюі салдарынан 17 әскери қызметшіні теңізге ағызып әкетті. Олардың 12-сі қаза тауып, үшеуі құтқарылды. Қалған екі әскери қызметшіні іздеу жұмыстары жалғасуда.
25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Аталған дерек бойынша екі қылмыстық іс қозғалды: 453-баптың 2-бөлігі («Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау») және 465-бап («Кеме жүргізу қағидаларын бұзу») бойынша тергеу жүріп жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







