Каспий теңізіндегі іздестіру-құтқару операциясы ресми түрде аяқталып, бұған дейін хабарсыз кеткен соңғы екі әскери қызметшінің денесі табылды. Алайда қаралы хабарды марқұмдардың отбасына тиісті әскери шенділер емес, өзге азаматтардың естіртуге мәжбүр болуы қоғамда үлкен наразылық туғызды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Іздестіру операциясы аяқталды: тағы екі дене табылды
Ресми мәлімет бойынша, сағат 09:15 шамасында іздеу жұмыстары кезінде бұған дейін хабар-ошарсыз кеткен сержант Мансұр Ғұмаров пен матрос Мирас Тұрдыбекұлының денелері судан шығарылды. Осылайша, 24 қыркүйек күні Маңғыстау облысында өткен оқу-жаттығу кезіндегі алапат қайғылы оқиғадан қаза тапқан әскерилердің саны 14 адамға жетті. Құтқарушылар үш сарбазды аман алып қалған еді.
Бүгін, 25 қыркүйекте елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Президент Тоқаев қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары мен жақындарына көңіл айтты. Оқиға орнында премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жетекшілік ететін үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр.
«Қайда қаптаған командирлер мен психологтар?»: желідегі жанқайғы
Құтқару шаралары аяқталғанымен, қаза тапқан сарбаздардың жақындарына мәлімет беру тәртібі өткір сынға ұшырады. 19 жастағы матрос Мирас Тұрдыбекұлының отбасы баласының тағдырын біле алмай, бейресми адамдарға хабарласуға мәжбүр болған. Марқұмның апасы әлеуметтік желі арқылы араша сұрап, жанайқайын жеткізген.
«Екі әскеридің денесін теңізден бүгін 09:15 алып шықты. Сағат түскі 12 болып қалды. 19 жасар Мирастың денесі табылғанын, судан шығарылғанын туыстарына мен 11:30 айттым. Сонда, неге жақындарына қаралы хабарды мен жеткізуім керек? Қайда қаптаған командир, қолбасшы, психолог, полковниктер?», – деп жазды қаралы жағдайды алғашқылардың бірі болып естірткен белсенді желідегі парақшасында.
Бейресми дерек бойынша, денелер табылғаннан кейін арада екі сағаттан астам уақыт өтсе де, қара жамылған отбасына ресми органдар тарапынан тікелей түсініктеме дер кезінде берілмеген.
Ақпараттық салғырттық пен жауапсыздық
Мұндай ауыр кезеңде әскери бөлім басшылығы, тағайындалған офицерлер мен әскери психологтар қара жамылған үйге бірінші болып барып, қолдау көрсетуге міндетті еді. Қайғылы оқиғаға тап болған отбасының ақпаратты бейтаныс адамдардан іздеуі әскери құрылымдағы дағдарыстық коммуникацияның әлсіздігін көрсетіп берді.
«Неге суға кеткен әскерилердің туыстары ақпаратты әркімнен сұрап, үздігіп жүр, Қорғаныс министрлігі ең құрмаса жұбатуға жарымай ма? Маңғыстаудағы сарбаздардың қазасы жұрттың көңілін түсіргені белгілі», – делінген тараған үндеуде.
Азаматтардың пікірінше, сарбаз өміріне ғана емес, оның артында қалған жақындарының психологиялық жай-күйіне де жауапты көзқарас қажет.
Қылмыстық іс және тексеру
Қазіргі уақытта Ақтаудағы апатқа қатысты Қылмыстық кодекстің қызметке салғырт қарау және кеме жүргізу қағидаларын бұзу баптары бойынша тергеу жүріп жатыр. Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігі 30-дан астам адамнан жауап алды. Тергеу барысы Бас прокурордың жеке бақылауына алынған.
Жұртшылық апаттың нақты себептерімен қатар, ақпаратты дер кезінде хабарламай, қайғылы хабарды марқұмның туыстарына жеткізуді қарапайым азаматтардың мойнына артқан лауазымды тұлғалардың да іс-әрекетіне құқықтық баға берілуін күтіп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







