Каспий жағалауындағы қайғылы оқу-жаттығу кезінде мерт болған әскери қызметшілерге қатысты жүректі сыздатар тың мәліметтер белгілі болды. Қаза тапқан жауынгерлердің қатарында 20 жастағы Қазақстан чемпионатының жүлдегері мен мерзімді әскери борышы аяқталуға санаулы күндер қалған жас сарбаздар бар, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Спорт шебері және демобилизацияға аз қалғандар
Қорғаныс ведомствосы жариялаған тізімге сәйкес, қаза болғандардың басым бөлігі – мерзімді қызметтегі қатардағы матростар мен кіші офицерлік құрам. Олардың ішінде бір аға лейтенант, сержант және он бір матрос бар.
Марқұмдардың арасында 20 жастағы еліміздің спорттық додаларында топ жарып жүрген жас спортшы, ел чемпионатының жүлдегері де болған. Сондай-ақ әскерге шақырылып, Отан алдындағы борышын аяқтауына, үйіне оралуына санаулы ғана күндер қалған сарбаздардың да өмірі аяқталды. Бұл жайт қалың жұртшылықтың қабырғасын қайыстырып отыр.
Ауруханадағы сарбаздың өміріне қауіп сейілді
Үкіметтік комиссия отырысында оқиға орнынан аман құтқарылып, ауруханаға жеткізілген сарбаздың жағдайы да сөз болды. Дәрігерлер қабылдаған шұғыл шаралардың арқасында науқастың беті бері қараған.
Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазанов медициналық тексеру қорытындысын баяндап, сарбаздың өміріне төнген тікелей қатер сейілгенін хабарлады:
«Әскери қызметшінің жағдайы қазір тұрақты. Оған қажетті медициналық көмек толық көрсетіліп жатыр, өміріне ешқандай қауіп жоқ», – деді вице-министр.
Көмекке арналған бірыңғай оператор
Аза тұту күнінде қаза тапқан сарбаздардың отбасыларына қоғам тарапынан көмек қолын созушылар қатары көбейді. Алайда осы жағдайды пайдаланып, алаяқтық жасағысы келетіндерден сақтану үшін Маңғыстау облысының әкімдігі арнайы мәлімдеме жасады.
Жергілікті билік қаржылай көмекті үйлестіру үшін ресми түрде «Ұлттық рух» қоғамдық бірлестігін бірыңғай оператор етіп бекітті. Түскен қаражат пен жеке кәсіпкерлерден бөлінген көмектер марқұмдардың отбасыларына ашық әрі тікелей табысталады. Азаматтарға кез келген бейтаныс есепшоттарға ақша аудармай, тек ресми дереккөздерге сүйену ескертілді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







