Халық кеңесінің мүшесі Мұрат Әбенов Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиғаны 2015 жылғы қасіреттің қайталануы деп бағалады. Оның ойынша, сарбаздардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ата-аналарға қаралы хабарды жеткізу және оқиғаны ашық тергеу тәртібі түбегейлі өзгеруге тиіс, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Мұрат Әбенов қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына көңіл айтып, бейбіт уақытта Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жастардың өлімі бүкіл қоғамға ортақ қасірет екенін жеткізді. Ол көктемде бұрын әскерде қаза болған сарбаздардың ата-аналарымен кездесіп, олардың жылдар бойы әділдік іздеп жүргенін көргенін айтты.
Халық кеңесі мүшесінің сөзінше, ата-аналар әскери бөлімдерге кіре алмайды, жабық соттардың табалдырығын тоздырады және тергеу барысы туралы толық ақпарат ала алмайды. Мұндай жағдайда жастардың әскерге деген сенімі әлсіреп, міндетті қызметке барудан қорқуы заңды құбылысқа айналады.
Қаралы хабар неге қоршау сыртынан айтылды
Әбенов әлеуметтік желіде тараған видеолардағы көрініске ерекше назар аударды. Кадрларда баласынан айырылған ата-аналар темір қоршаудың сыртында тұрса, әскери қызметкерлер қаралы хабарды арғы беттен ресми әрі құрғақ тілмен жеткізген.
Оның айтуынша, қаза туралы хабарлау есеп беру рәсіміне айналмауы керек. Әскери бөлім өкілдері қақпаны ашып, ата-аналарды ішке шақырып, психолог пен дәрігердің қатысуымен бетпе-бет сөйлесуге тиіс еді.
Әбенов қазақ халқындағы «естірту» дәстүрін еске салды. Ауыр хабарды марқұмның отбасына беделді ақсақалдар, елге сыйлы адамдар немесе оның сенімді қаруластары жеткізіп, жақындарының жанынан табылған.
Оның ойынша, заманауи армияда да осындай адамгершілік қағидасы сақталуға тиіс. Қаралы отбасына жоғары шенді офицер, әскери дәрігер мен психолог барып, мемлекет атынан қолдау көрсетуі қажет.
Әбенов оқу-жаттығу кезінде қаза болған әскери қызметшілерді қызметтік міндетін орындау барысында көз жұмған азаматтар ретінде жоғары әскери құрметпен жерлеуді ұсынды. Қоштасу рәсіміне құрмет қарауылы, әскери оркестр, қарудан салют беру және мемлекеттік туды отбасына тапсыру секілді рәсімдер енгізілуі керек деп есептейді.
Каспийдегі екі қасірет және алынбаған сабақ
Мұрат Әбенов қазіргі оқиғаны 2015 жылғы Ақтаудағы әскери оқу-жаттығумен салыстырды. Сол кезде дауылды ауа райында теңізге кірген БТР-80 машиналарының бірнешеуі суға батып, төрт мерзімді әскери қызметші қаза болған еді.
Әбеновтің айтуынша, сол оқиға бойынша бірқатар офицер сотталғанымен, олар көп ұзамай рақымшылықпен босатылған. Оның ойынша, жеңіл жаза мен жабық әскери сот жүйесі жауапты тұлғалардың қателіктен сабақ алуына мүмкіндік бермеді.
Арада 11 жыл өткенде Маңғыстауда тағы да қолайсыз ауа райы кезіндегі оқу-жаттығу адам өліміне әкелді. Әбенов командирлердің метеорологиялық ескертулерді қалай ескергенін, сарбаздарда заманауи құтқару кеудешелерінің болған-болмағанын және теңізде құтқару катерлерінің неге кезекшілік етпегенін анықтау қажет деп санайды.
Ол тергеу аяқталмай тұрып нақты адамның кінәсі туралы қорытынды жасауға болмайтынын атап өтті. Дегенмен қауіпсіздік талаптарының орындалуы, оқу-жаттығуды өткізу туралы бұйрық және құтқару жұмыстарының ұйымдастырылуы қоғамнан жасырылмауға тиіс.
Ашық бақылау мен кәсіби армия қажет
Халық кеңесі мүшесінің ойынша, жекелеген командирлерді қызметтен алу жүйелік мәселені шешпейді. Әскердегі қайғылы оқиғаларды тексеруге азаматтық қоғам өкілдері қатысып, тергеу нәтижесі жұртшылыққа ашық жариялануы қажет.
Әбенов Халық кеңесі мен Ұлттық құрылтай жанынан тұрақты комиссия құруды ұсынды. Комиссия әскери бөлімдердегі жағдайды бақылауға, тергеу материалдарымен танысуға және Парламентке жүйелі ұсыныстар енгізуге мүмкіндік алуы керек.
Оның айтуынша, бейбіт уақытта әскери қызметшілердің өліміне қатысты істерді тек әскери тергеушілер мен әскери соттардың қарауы күмән туғызады. Мұндай істер азаматтық тергеу органдарының қатысуымен ашық сотта қаралса, ата-аналардың шындықты білу мүмкіндігі артады.
Әбенов Қазақстанға кәсіби келісімшарттық армияға кезең-кезеңімен көшу қажет деп есептейді. Әскери қызметті саналы түрде таңдаған, тұрақты дайындықтан өтетін мамандар төтенше жағдайда сауатты әрекет етіп, қауіп-қатерді дұрыс бағалай алады.
Кәсіби әскери қызметті таңдамаған азаматтарды аумақтық дайындық орталықтарында мерзімді оқыту ұсынылды. Онда дрон басқару, алғашқы медициналық көмек, дене шынықтыру және тактикалық дағдылар үйретілуі мүмкін.
Мұрат Әбеновтің пікірінше, мемлекет ата-анадан ең қымбат аманатын қабылдағаннан кейін оның өмірі мен қауіпсіздігіне толық жауап беруге тиіс. Қаралы хабарды темір қоршаудың ар жағынан жеткізуге жол бермейтін бірыңғай хабарлау және әскери құрмет көрсету хаттамасын заңмен бекіту қажет.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







