Алматы қаласының жаңартылған Бас жоспарында халық арасында «Компот» аталып кеткен тарихи ауданға жеке тұрғын үй құрылысы (ЖТҚ) мәртебесі қайтарылды. Қала билігі жергілікті тұрғындардың қарсылығын ескеріп, жер үйлерді жаппай сүріп, орнына көпқабатты кешендер салу жоспарынан бас тартты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мәслихат депутатының сауалы
Бас жоспарға енгізілген өзгерістерді талқылау барысында қалалық мәслихат депутаты Қарашаш Жүзеева «Компот» шағынауданының тағдырына қатысты мәселе көтерді. Депутатқа Сәтбаев, Бөгенбай батыр көшелері мен Жарбұлақ және Кіші Алматы өзендерінің аралығында тұратын азаматтар бірнеше рет шағымданған.
Тұрғындар тыныш әрі жасыл ауданның орнына биік ғимараттар бой көтеруі мүмкін деген хабарға наразылық білдіріп, жеке секторды сақтап қалуды талап еткен еді. Қоғамдық тыңдауларда бұл аумақ көпқабатты құрылыс жүргізілетін аймақ ретінде белгіленгендіктен, жұртшылық арасында үлкен алаңдаушылық туған болатын.
Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы
Алматы қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Алмас Жанбыршы жауапты мамандар Медеу ауданының тұрғындарымен бірнеше мәрте кездесіп, олардың барлық талап-тілегін қарастырғанын мәлімдеді. Соның нәтижесінде «Компот» пен Көктөбе баурайындағы жер телімдерінің бастапқы мәртебесі қалпына келтірілді.
Басқарма басшысы қабылданған ресми шешімнің заңдық негізін баяндап берді:
«Алматы қаласын дамытудың Бас жоспары жобасында жеке тұрғын үйлер аймағы қайтарылды. Бұған дейін онда орта қабатты құрылыс салу көзделген еді. Біз биылғы 17 қыркүйекте мемлекеттік сараптамаға хат жолдадық, ал 21 қыркүйекте сараптаманың оң қорытындысы шықты. Осылайша тұрғындардың жер үйлердің орнына көппәтерлі тұрғын үй кешендерін салуға білдірген қарсылығы жобада толық ескерілді», – деді Алмас Жанбыршы.
Қызыл сызықтар мен Сәтбаев көшесінің ұзартылуы
Қала билігі коммерциялық мақсаттағы зәулім үйлерді салудан бас тартқанымен, аумақтағы кейбір шектеулер өз күшінде қалатынын ескертті. Атап айтқанда, ауданда аспалы арқан жолы өтеді, сондай-ақ су қорғау белдеулері мен сәулеттік қызыл сызықтар бар.
Бұған қоса, көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында Сәтбаев көшесін ұзарту жобасы қарастырылған. Қала құрылысшылары жаңа жол желісінің дәл үстіне түсетін жекелеген учаскелер ғана мемлекет мұқтажы үшін заң талаптарына сай өтемақы төленіп алынуы мүмкін екенін нақтылады.
«Компот» атауы қайдан шыққан?
Ресми карталарда мұндай атау болмағанымен, бұл шағынауданның қалыптасқанына жарты ғасырдан астам уақыт өткен. Тұрғындар аумақты Алмалы (Яблочная), Алмұртты (Грушевая, қазіргі М. Зверев) және Шиелі (Вишневая, қазіргі С. Аманжолов) секілді жеміс атауларымен аталған көшелеріне байланысты бейресми түрде «Компот» деп атап кеткен.
Жасыл желекке оранған тыныш орамды сақтап қалу үшін бұған дейін белгілі қоғам қайраткерлері мен қаланың байырғы тұрғындары арнайы бейнеүндеулер жариялап, әкімдіктен тарихи ортаны бұзбауды өтінген болатын. Қабылданған соңғы түзетулер қалалықтардың осы талабы толық қанағаттандырылғанын көрсетті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







