Батыс Қазақстан облысында сырттан әкелінген астықты отандық өнім ретінде рәсімдеп, шетелге өткізумен айналысқан топтың әрекеті әшкереленді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің облыстық департаменті жүргізген тергеу барысында еліміз арқылы жүзеге асырылған «сұр импорт» тізбегі толықтай анықталды. Астық көлеңкелі жолмен тасымалданып, Орталық және Оңтүстік Азия елдерінің нарығына бағытталған.
130 мың тонна өнім үш мемлекетке жөнелтілген
Құзырлы органның ресми дерегіне қарағанда, шекара асырылған астықтың көлемі мен құны өте ауқымды. Өнім көршілес нарықтарға қазақстандық тауар белгісімен тасымалданған.
«Қазақстан аумағы арқылы жалпы құны 11,2 млрд теңге болатын шамамен 130 мың тонна астық экспортталған. Жеткізілімдер Өзбекстанға, Ауғанстанға және Тәжікстанға жүзеге асырылды», – деп мәлімдеді ҚМА ресми өкілі Ернар Тайжан.
Қылмыстық схеманы ұйымдастырушылар заңсыз операцияларды жасыру үшін алдын ала арнайы дайындық жұмыстарын жүргізген. Соның нәтижесінде халықаралық сауда ережелері мен тасымал талаптары өрескел бұзылған.
Жалған келісімшарттар мен теміржол шығыны
Тергеу барысында анықталғандай, алаяқтар коммерциялық құрылымдарды алдын ала жалған басшылардың атына тіркеген. Осы компаниялар мен отандық шаруа қожалықтары арасында астық сатып алу жөнінде қолдан жасалған фиктивті келісімшарттар рәсімделген.
Мұндай қадам импортталған өнімге ресми қазақстандық шығу тегін беруге мүмкіндік туғызған. Тауар отандық өнім ретінде танылғандықтан, тасымалдау барысында жеңілдетілген ішкі тарифтер заңсыз пайдаланылды.
Аталған схемада «Bakery Nan», «KazGrano», «Perfect Seed», «Weizen» және «Golden Grain Kazakhstan» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері пайдаланылған. Халықаралық транзиттік тарифтің төленбеуі салдарынан «ҚТЖ – Жүк тасымалы» кәсіпорнына 1 млрд теңгеден астам залал келтірілді.
Қаражатты шығару және жалған банкроттық
Күдіктілер тек логистикалық жеңілдіктерді пайдаланып қана қоймай, салық органдары мен несие берушілер алдындағы міндеттемелерден де құтылуға тырысқан. Ол үшін қаржыны үшінші тұлғаларға аудару амалы қолданылды.
Күдіктілер салық берешегін өндіріп алудан жалтару үшін экспорттаушы фирмалардың есепшоттарынан ақшаны үлестес ұйымдарға аударып, артынша сотқа банкроттық туралы талап арыз жолдаған.
Осы әрекеттердің нәтижесінде мемлекет мүддесіне тағы 1,2 млрд теңге көлемінде залал келтірілгені есептелді. Осылайша мемлекет пен теміржол саласына келтірілген жалпы шығын көлемі 2,2 млрд теңгеден асып жығылады.
Тергеу аяқталды: 5 күдікті жауапқа тартылуда
Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша бес адам күдікті деп танылды. Қаржы мониторингі департаменті сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын толық аяқтады.
Іске қатысушы барлық тарап жиналған құжаттармен және айғақтармен танысуға кірісті. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының талаптарына сәйкес, тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат әзірге жарияланбайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







