Батыс компаниялары Каспий құбыр консорциумы (КҚК) инфрақұрылымына жасалған шабуылдарды тоқтатуға ықпал етті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz. Бұл туралы консорциум бас директорының орынбасары Қайыргелді Қабылдин мәлімдеді. Оның айтуынша, КҚК әрқашан әртүрлі елдердің мүдделерін біріктіре алған, ал америкалық және батыстық компаниялар шабуылдардың қазіргі уақытта тоқтауына тікелей септігін тигізді.
Дипломатиялық байланыс және тасымал тұрақтылығы
Танкерлерге жасалған соққылардан кейін сақтандырушылар, мұнай компаниялары мен трейдерлер арасында алаңдаушылық пен үзіліс пайда болған еді. Бұл мәселе дипломатиялық арналар, соның ішінде СІМ мен АҚШ Мемлекеттік департаменті арқылы көтерілді. Акционерлер құбыр арқылы негізінен батыстық компанияларға да тиесілі қазақстандық мұнай тасымалданатынына баса назар аударған.
«Тасымалдау көлемі толығымен қалпына келтірілді, теңіз терминалының барлық үш бірнүктелі айлақ құрылғысы қалыпты жұмыс істеп тұр. Өндірісті арттыруды жоспарлап отырған компаниялар пайдалана алатын профицит те бар», – деді Қайыргелді Қабылдин.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







