АҚШ президенті Дональд Трамп ресми жарлыққа қол қойып, федералдық ведомстволарға құжаттарда «жасанды интеллект» (AI) терминінің орнына «суперинтеллект» (SI) ұғымын қолдануды міндеттеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ақ үй таратқан жарлыққа сәйкес, барлық мемлекеттік органдар енді ресми хат алмасуда, баяндамаларда, цифрлық ресурстар мен жария мәлімдемелерде ескі атауды қолданбауға тиіс. Бұл ретте бұрын қабылданған заңдар мен ескі келісімшарттар қайта қаралмайды, алайда жаңа ресми саясат толығымен жаңа атауға негізделеді.
Жаңа атаудың мәні неде?
Ақ үй бұл өзгерісті заманауи технологиялардың адам айтқысыз жылдамдықпен күшейіп келе жатқанымен түсіндірді. Президент әкімшілігінің ұстанымынша, ескі ұғым технологияның қазіргі қарқыны мен қуатын толық аша алмайды.
«Федералдық үкімет қолданатын терминология технологиялардың түрлендіруші қуатын және олардың халыққа ашатын шексіз мүмкіндіктерін көрсетуі тиіс. «Суперинтеллект» термині осы саладағы қарқынды даму мен болашақты әлдеқайда дәлірек сипаттайды», – делінген жарлық мәтінінде.
Жарлық аясында ғылым және технология мәселелері жөніндегі кеңесшіге 60 күн ішінде «суперинтеллект» ұғымының ресми федералдық анықтамасын әзірлеу тапсырылды. Сондай-ақ сарапшылар жаңа терминді заңнамалық деңгейде бекіту тетіктерін пысықтайды.
Технология алпауыттарымен жасалған келісім
Жарлыққа қол қоймас бұрын президент Трамп Ақ үйде технология саласының жетекші өкілдерімен кездесу өткізді. Басқосуға IT саласының миллиардерлері мен ірі корпорациялардың жетекшілері қатысып, қауіпсіздікке қатысты ортақ міндеттемеге қол қойды.
Жиын барысында мемлекет басшысы озық жүйелерді мемлекеттік бюрократиямен шектемей, компаниялардың өзін-өзі реттеуіне басымдық беру керектігін айтты.
«Технологиялық компаниялар өз өнімдерін өздері қатаң қадағалауға тиіс. Себебі сырттан келген адамның мұндай күрделі жүйені терең түсініп, бақылауы өте қиын. Біз бұл құралдардың халық игілігіне жұмыс істейтініне сенім артамыз», – деді Дональд Трамп.
Жаңа келісімге сәйкес, алпауыт компаниялар озық үлгілерді сынақтан өткізу кезінде ішкі бақылау деңгейлерін арттырып, киберқауіпсіздікке тәуелсіз аудит жүргізуге уәде берді.
Мемлекеттік қызметтерді жеңілдету қадамы
Осы басқосумен қатар Вашингтонда мемлекеттік қызметтерді біріктіретін жаңа цифрлық платформа таныстырылды. Жүйе қарапайым азаматтардың төлқұжат алудан бастап, салық мәселелеріне дейінгі өтініштерін бір терезе қағидатымен шешуге бағытталған.
Сарапшылардың пікірінше, Ақ үй басшысының соңғы мәлімдемелері мен шешімдері жаһандық бәсекеде АҚШ-тың технологиялық үстемдігін күшейтуге және инновацияларға қойылатын кедергілерді барынша азайтуға бағытталған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







