Қазақстандағы төртінші мұнай өңдеу зауытының (МӨЗ) салынатын алаңы 2026 жылдың соңына дейін түпкілікті анықталады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Біз жаңа МӨЗ жобасын іске асыруды жеделдету туралы шешім қабылдадық. Осы жылдың соңына дейін төрт әлеуетті облысты бағалау аяқталады, содан кейін құрылыс үшін ең қолайлы өңір ресми түрде белгіленеді. Жаңа зауыт заманауи мұнай-химия кластерінің өзегіне айналады», – деді Энергетика министрлігі Мұнайды тасымалдау және өңдеу департаментінің директоры Дәулет Арықбаев.
Ведомство Қазақстан жұмыс істеп тұрған зауыттарды кеңейту және жаңа ірі тоннажды мұнай өңдеу әрі мұнай-химия кешенін салу есебінен мұнай өңдеудің жиынтық қуатын жылына 39 млн тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отырғанын нақтылады.
Жаңа зауыт пен қолданыстағы кәсіпорындар қуаты
«Жаңа кешенді жылына 10 млн тоннаға дейінгі мұнай өңдеу қуатымен салу жоспарланып отыр. Энергетика министрлігі жобаны жүзеге асыруды жеделдетіп, нысанды 2033 жылға дейін пайдалануға беруді бағдарлап отыр. Қазіргі уақытта алдын ала ТЭН әзірлеу және Ұлытау, Атырау, Маңғыстау мен Түркістан облыстарындағы төрт әлеуетті алаңға салыстырмалы талдау жүргізу аяқталуға жақын», – деп түсіндірді министрлік өкілдері.
Сонымен қатар, ведомство мәліметінше, Қазақстан қолданыстағы мұнай өңдеу кәсіпорындарының қуатын қазіргі 18 млн тоннадан жылына 29,2 млн тоннаға дейін кеңейтіп жатыр.
«Шымкент МӨЗ қуатын 2030 жылға қарай жылына 6-дан 12 млн тоннаға дейін арттыру көзделген. Жобаның ТЭН-ін CNPC Шығыс Қытай жобалау институты әзірлеп жатыр. Павлодар мұнай-химия зауытын 2031 жылға қарай жылына 5,5-тен 9 млн тоннаға дейін кеңейту жоспарланған. Атырау МӨЗ 2028 жылға қарай өңдеуді кезең-кезеңімен жылына 5,5-тен 6,7 млн тоннаға дейін жеткізеді. Сондай-ақ кәсіпорында үш жылдық жөндеуаралық кезеңге өту жоспарланған», – делінген хабарламада.
Инфрақұрылымды кеңейту және экспорт бағыттары
Өңдеу қуатының артуына байланысты Қазақстан отандық зауыттарды қажетті шикізат көлемімен қамту үшін мұнай тасымалдау инфрақұрылымын да дамытып келеді.
«Атап айтқанда, кеңейтілетін Шымкент МӨЗ-ін қамтамасыз ету мақсатында бес жаңа сорғы станциясы мен ұзындығы 189 км болатын лупинг сала отырып, Қазақстан – Қытай мұнай құбыры жүйесін кеңейту мәселесі пысықталып жатыр. Кеңқияқ – Атырау мұнай құбырының өткізу қабілетін 15 млн тоннаға, ал Кеңқияқ – Құмкөл учаскесін жылына 20 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарлануда. Жобаны жүзеге асыру қытай тарапымен паритеттік негізде қарастырылуда. Бұған дейін Caspi Bitum зауытын кеңейту аяқталып, мұнай өңдеу қуаты жылына 1,5 млн тоннаға жеткізілді. Кәсіпорында жол битумын өндіру жылына 750 мың тоннаға дейін өсті. Сонымен қатар елімізде Jet A-1 авиакеросинін өндіруді жолға қою жоспарлануда», – деп толықтырды министрлік.
Экспорттық логистика жайында Арықбаев Қазақстанда өндірілетін мұнайдың шамамен 80%-ы сыртқы нарыққа жөнелтілетінін мәлімдеді.
«Отандық мұнайдың шетелдік жеткізілімдерінің 80%-дан астамы Каспий құбыр консорциумына тиесілі. Сондай-ақ Атырау – Самара, Қытай бағыттары және Ақтау порты арқылы Баку – Тбилиси – Джейхан құбырына шығатын Транскаспий халықаралық көлік бағыты пайдаланылады», – деп ақпарат берді Энергетика министрлігі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







