Көршілес Қырғызстанда әлеуметтік желілерде дін тақырыбында подкаст жүргізетін, жазба қалдыратын және бейнеролик түсіретін блогерлерге арнайы куәлік алу міндеттелді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Елдің дін саласын реттейтін заңнамасына енгізілген өзгерістерге сәйкес, бұдан былай желіде діни насихатпен айналысқысы келетін кез келген автор «діни уағызшы» ретінде ресми тіркеуден өтуі шарт. Жаңа талапты орындамағандарға интернетте дін төңірегінде мәлімет таратуға және пікір білдіруге қатаң тыйым салынады.
Мүфтият мақұлдап, агенттік куәлік береді
Дін істері және этносаралық қатынастар жөніндегі ұлттық агенттіктің бас маманы Нұрғазы Қырғызбаев жаңа тәртіптің мән-жайын түсіндірді. Оның айтуынша, осыған дейін блогерлердің діни білімі тексерілмегендіктен, желіде теріс немесе қате ақпараттардың таралу қаупі артқан. Енді әрбір автор өз білімін ресми түрде дәлелдеуге тиіс.
«Дінге шақырып, уағыз жүргіземін деген азамат алдымен Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасына барып, діни білімін растауы керек. Сондай-ақ блогын қай бағытта жүргізетінін мәлімдеген соң ғана біздің ұлттық агенттіктен бір жылға жарамды куәлік алады. Егер бір жыл ішінде оның қызметі теріс бағытқа бұрылса, жат идеологияны насихаттап, заң бұзса, куәліктің күші жойылады және келесі жылы қайта берілмейді. Мұны желіде подкаст жасап, діни мәселелер туралы сөйлеп жүрген барлық блогер мен дін қызметкері қаперде ұстауы тиіс», – деді Нұрғазы Қырғызбаев.
Куәлік тек бір жылға беріледі
Уағызшы мәртебесіне өтінім қабылдау арнайы мемлекеттік органның ресми порталы арқылы электронды түрде жүргізіле бастады. Ал мүфтият қызметкерлеріне аталған құжат қосымша тексерусіз, автоматты түрде беріледі. Куәліктің мерзімі бір жылмен шектеліп, оның иесі заң талаптарын бұзбаған жағдайда ғана ұзартылады.
Егер автор жалған ақпарат таратса немесе қоғамдық келісімге сызат түсіретін идеяларды қозғаса, мемлекет оның рұқсатын қайтарып алады. Мұндай жағдайда азаматтың келешекте діни тақырыпқа қайта оралып, контент жасауына жол жабылады.
Қазақстандағы ахуал қандай?
Көрші елдегі өзгеріс Орталық Азиядағы цифрлық діни кеңістікті қатаң қадағалауға алу үрдісінің басталғанын көрсетеді. Ал Қазақстанда әзірге діни блогерлерге арналған дербес куәлік жүйесі енгізілген жоқ.
Дегенмен елімізде миссионерлік қызметпен айналысатындарға арнайы тіркеу міндеттелген және діни әдебиеттер мен материалдарды тек заңмен белгіленген орындарда ғана таратуға рұқсат беріледі. Соңғы кездері желіде рұқсатсыз діни үгіт жүргізген немесе діни сараптамадан өтпеген материалдар жариялаған кейбір блогерлерге әкімшілік жаза қолданылып, құқықтық талаптар күшейтіліп келеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







