Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің үшінші отырысы өтті. Жиында өнеркәсіп секторын цифрлық трансформациялау мәселелері қаралды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мемлекет басшысы жасанды интеллект жаңа цифрлық дәуірде бәсекеге қабілеттілікті айқындайтын басты факторлардың біріне айналғанын атап өтті.
– БҰҰ-ның Өнеркәсіптің дамуы туралы 2026 жылғы есебіне сәйкес, ЖИ әлем экономикасының келбетін өзгертетін бес трансформациялық мегатрендтің бірі ретінде танылды. Соңғы бес жылда жасанды интеллектімен байланысты патенттердің үлесі шамамен үш есе өскен. Бұл іргелі технологиялық өзгерістерді байқатады. Енді табиғи ресурстар және капитал мен нарық үшін ғана емес, өндіріс тиімділігі үшін де бәсекелестік қыза түсті. Қазақстан осы мүмкіндіктерді қалт жібермеуі қажет. Басты міндет – еңбек өнімділігін арттыру, технологиялық жаңғыруды жеделдету және қосылған құны жоғары өнім өндіруді кеңейту. Осы жұмыстарды атқаруда жасанды интеллект негізгі құралдардың бірі болуға тиіс, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылға дейінгі Digital Kazakhstan стратегиясы аясында нақты экономикалық нәтижеге қол жеткізуді көздейтін жасанды интеллектінің ұлттық кешенді экожүйесі түзіліп жатқанына тоқталды.
– Биылғы сегіз айда өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 46 триллион теңгеге жуықтады. Өңдеу өнеркәсібі былтырғы осы мерзіммен салыстырғанда 8,4 пайызға өсті. Дегенмен экономикалық өсімнің жоғары қарқынын сақтау үшін еңбек өнімділігін арттырып, өнеркәсіп базасын жаңғыртуға және қосылған құны жоғары өнім өндіруге мән беру қажет. Бұл мақсатқа жетуде жасанды интеллектінің атқаратын рөлі айрықша. ЖИ-дің шынайы құндылығы сол – адам әлеуетін күшейтеді. Яғни ЖИ инженерлерге нақты қадамдар жасауға, жұмыс тиімділігін ұлғайтуға, басшылыққа қажет кезінде дереу талдау деректеріне сүйеніп, жедел әрі дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Өнеркәсіптегі саясатымыз осы қағидатқа негізделген, – деді Мемлекет басшысы.
Өндірістік үдерістерді кешенді түрде цифрлық трансформациялау
Содан кейін Президент бірқатар басты міндеттерді атады.
– Бізге жасанды интеллектіні пайдалана отырып, өндірістік үдерістерді кешенді түрде трансформациялау қажет. Қазіргі кезде көптеген кәсіпорында цифрландыру жұмыстары шашыраңқы жүргізіліп жатыр. Жекелеген операцияларды автоматтандырып, жаңа қызметтерді енгізгенімізге қарамастан, өндіріс моделі көп жағдайда өзгеріссіз қалады. Мұндай тәсіл өзін өзі ақтамайды. Кәсіпорындар бүкіл өндіріс тізбегін қайта қарап, қай тұста ЖИ көмегімен тиімділікті барынша арттыруға болатынын айқындауы керек. Үкімет «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, негізгі бизнес-үдерістері жасанды интеллект арқылы жан-жақты трансформацияға ұшырайтын кәсіпорындарды анықтағаны жөн. Жаңа технологиялар өндірісті басқару жүйесіне тікелей кірігуге тиіс. Анағұрлым сәтті модельдерді бүкіл ел аумағында таратуға болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы қолданбалы ғылымды күшейтуге үндеді. Ол Кеңестің осыған дейінгі отырысында ЖИ саласына маманданған зерттеу университетін құру туралы шешім қабылданғанын еске салды.
– Qazaq AI Research University жоғары санатты мамандар даярлайтын орталық қана емес, қолданбалы зерттеулер жүргізілетін жетекші алаңдардың бірі болуға тиіс. Оның бүкіл ғылыми-зерттеу бағдарламасы экономикалық дамудың нақты қажеттіліктеріне бейімделуі керек. Бұл үшін өнеркәсіп саласындағы жасанды интеллектіге қатысты өзекті міндеттер тізімін жаңартып отырамыз. Аталған істе бюрократияға жол беруге болмайды. Мұндай міндеттерді өндірістің алдыңғы шебінде жүрген инженерлер, технологтар, шеберлер мен операторлар анықтауы қажет. Қай жерде шығын барын, қандай құрылғы тоқтап тұрғанын, қай тұста олқылықтар орын алып, қатерлер пайда болғанын осы мамандар біледі. Осылайша, басшылық өндірістегі проблемадан жан-жақты хабардар болады. Ал бұл, өз кезегінде, жасанды интеллектіні қай жерде, қалай пайдалану жолын белгілеуге көмектеседі. Qazaq AI Research University, сондай-ақ басқа да университеттер мен ғылыми-зерттеу институттары осы тізімді басшылыққа алуға тиіс. Сонда ғана ғылым мен өндіріс арасында тікелей байланыс орнайды. Үкіметке ұлттық компаниялармен және жеке бизнеспен бірге индустриядағы өзекті ЖИ-міндеттерді айқындау және ұдайы жаңарту тәртібін әзірлеуді тапсырамын, – деді Президент.
Deep-Tech жобаларды ілгерілету және шешімдерді коммерцияландыру
Оның айтуынша, индустриялық міндеттерді орындайтын мұндай команда құрамына ғылыми қауымдастық, технологиялық компаниялар мен стартаптар экожүйесінің өкілдері енуі қажет.
– Сонымен қатар AI Challenge механизмін қолданған жөн. Бұл іске «цифрлық көшпелілер» мен талантты жастарды тартуға болады. Формат әр тапсырманың ерекшелігіне қарай бейімделуге тиіс. Яғни команданы ашық іріктеу мен міндеттерді айқындаудан бастап, ізденіс нәтижелерін шынайы өндірісте сынауға дейін икемді болғаны жөн. Деректер, есептеу ресурстары және өндіріс инфрақұрылымы командаларға қолжетімді болуға тиіс. Бұл ретте тапсырыс беруші тысқары қалмай, үдерістің әр кезеңіне қатысуы қажет. Әйтсе де ЖИ және DeepTech санатындағы өнеркәсіп жобаларына, әсіресе, технологиялық тәуекелдері көп, коммерциялық тиімділігі дәлелденбеген бастапқы кезеңде уақыт пен ресурс керек екенін мойындаған жөн. Үкімет бастапқы тәуекелдерді азайтуға көмектесіп, жеке капиталды тартуға жағдай жасауы керек. Кейінірек перспективті жобалар, негізінен, нарықтық ортада дамуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, AI-Sana бағдарламасы өндірістегі нақты міндеттермен тығыз байланысты болғаны жөн. Дарынды жастар экономиканы жаңғырту ісінде тәжірибе жинақтауы керек.
Үкіметке жасанды интеллектіні өнеркәсіпте пайдалану міндеттерін шешудің бірыңғай механизмін құру жөнінде тапсырма берілді. Оның аясында лайықты команданы таңдаудан бастап, нәтижені сынақтан өткізу және экономикалық тиімділігін бағалау кезеңдері түгел қамтылуға тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев тексерілген шешімдерді жаппай таратудың анық әрі оңтайлы тетіктерін құру қажеттігіне назар аударды.
– Көптеген перспективті шешімдер пилоттық жоба сатысынан сәтті өткенімен, қосымша келісулер, қайталама сынақтар, күрделі сатып алу үдерістері мен заңнамалық шектеулер салдарынан аяқсыз қалады. Бұл кәсіпорындардың пайда табуына және әзірлеушілердің нарықтық мүмкіндіктеріне кедергі келтіреді. Тиімді тәсілдерді коммерцияландырудың айқын тетігі болуы керек. Оны өндірістік жағдайы ұқсас кәсіпорындарда қайта сынақтан өткізудің қажеті жоқ. Ұтымды отандық шешімдерге де баса назар аударған дұрыс. Үкіметке табысты пилоттық жобаларды тез арада коммерцияландыру және кеңінен тарату жолдарын қарастыруды ұсынамын. Экономикалық тұрғыдан пайдалы шешімдерді іске асыруда артық кедергілерден арылған абзал, – деді Мемлекет басшысы.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







