Қазақстандық кәсіпкер, Freedom Holding Corp. басшысы Тимур Турлов Ресейдің Бас прокуратурасы тарапынан Мәскеу сотына түскен талап-арызға қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ресей Федерациясы Бас прокурорының орынбасары Мәскеудің Тверь аудандық сотына қазақстандық миллиардер Тимур Турлов пен оған қарасты халықаралық холдинг құрылымдарына қарсы әкімшілік талап-арыз жолдаған еді. Іс материалдары бойынша жауапкерлер ретінде кәсіпкердің өзінен бөлек бірнеше шетелдік компания мен серіктесі Аркадий Щукиннің есімі көрсетілген.
«Холдинг қызметіне төнген қауіп жоқ»
Сотқа түскен шағым жұртшылыққа мәлім болғаннан кейін қаржы тобының баспасөз қызметі мен кәсіпкер өкілдері арнайы түсініктеме берді. Холдинг заңгерлері түскен талаптың мән-жайын әлі толық түсінбей отырғанын және көрші елде ешқандай мүлкі мен бизнесі қалмағанын еске салды.
«Бас прокуратура холдингке және бірқатар компанияға азаматтық талап-арыз берді. Біз әзірге бұл талаптың мәні мен оның қаншалықты негізді екенін түсінбей отырмыз. Мәселені жан-жақты зерттейтін боламыз. Холдингтің қызметіне қандай да бір айтарлықтай қауіп төніп тұрғанын көріп отырған жоқпыз. Ресейде біздің активтеріміз жоқ, холдингтің өзі де Ресей аумағында ешқандай қызмет жүргізбейді», – деп мәлімдеді Freedom Holding өкілдері.
FIDE президенті сайланғаннан кейінгі іс
Мәскеудегі сот ісі Тимур Турлов Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) жаңа президенті болып сайланғаннан кейін іле-шала қозғалды. 26 қыркүйекте Самарқандта өткен сайлауда ол ұйымды ұзақ жыл басқарған ресейлік Аркадий Дворковичтің орнына келіп, әлемдік федерация тарихындағы сегізінші басшы атанған еді.
Бейресми мәліметтерге қарағанда, Ресей прокуратурасы сот арқылы активтерді мемлекет пайдасына тәркілеуді талап етуі мүмкін. Алайда қадағалаушы орган шағымның нақты негізін әзірге ашып айтқан жоқ. Сотта тараптардың алдын ала кездесуі 15 қазанға белгіленген.
Ресей бизнесінен толық шыққан
Тимур Турлов 2010 жылдары Мәскеуде қаржылық және инвестициялық компаниялардың негізін қалаған болатын. 2022 жылғы геосаяси оқиғалардан кейін Freedom Holding тобы ресейлік активтерін халықаралық құрылымнан толығымен бөліп, сату туралы түпкілікті шешім қабылдады.
Кәсіпкердің өзі 2022 жылы Ресей азаматтығынан ресми бас тартып, Қазақстанның азаматтығын алды. Холдингтің Ресей аумағындағы бұрынғы барлық активі жергілікті басшылыққа сатылып, мәмілені Ресейдің Орталық банкі толық мақұлдаған болатын. Қазіргі таңда бас кеңсесі Алматыда орналасқан халықаралық қаржы ұйымының акциялары АҚШ-тың беделді Nasdaq биржасында саудаланады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







