Ресей әскері өткен айда мың шаршы шақырымнан астам жерді басып алды деген Владимир Путиннің сөзі шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
АҚШ-тың Соғысты зерттеу институты (ISW) таратқан есепке сәйкес, майдандағы шынайы ахуал Кремль басшысы айтқан сандарға мүлдем сәйкес келмейді. Сарапшылар Ресей басшысының майдандағы ілгерілеу туралы мәлімдемесін нақты деректермен салыстырып, оның шындыққа жанаспайтынын анықтады.
Мәлімдеме мен нақты деректер алшақтығы
Талдау орталығының мәліметінше, Владимир Путин Валдай пікірталас клубында сөйлеген кезінде ресейлік күштер қыркүйекте Украинаның 1301 шаршы шақырым аумағын бақылауға алғанын, оның бұған дейінгі айлармен салыстырғанда 2,5 есе көп екенін алға тартқан еді. Алайда майдан шебіндегі геолокациялық деректер мүлдем басқа жағдайды көрсетіп отыр.
Америкалық сарапшылар майдандағы динамиканың басқаша дамығанын, ресейлік құрылымдар жаңа жерлерді иеленудің орнына керісінше аумақтық шығынға ұшырағанын жазды.
«Путиннің қыркүйек айындағы ресейлік күштердің ілгерілеуі туралы айтқандары шындықтан соншалықты алшақ болғандықтан, қиял-ғажайып елеске ұқсайды», – делінген халықаралық орталықтың есебінде.
Майдандағы нақты аумақтық көрсеткіштер
Институттың есептеуінше, қыркүйекте Ресей бөлімшелері Украинаның 175,54 шаршы шақырым аумағын уақытша басып алғанымен, украин қорғаныс күштері 256,35 шаршы шақырым жерді қайтарып алған. Осылайша, бір ай ішіндегі таза нәтиже бойынша Мәскеу 80,81 шаршы шақырым аумағынан айырылып қалды.
Ресейлік әскери топтар еніп үлгерген, бірақ толық бақылау орната алмаған аймақтарды қоса есептегенде де жағдай өзгермейді. Ондай алқаптарды ескерген күннің өзінде Ресей әскерінің қыркүйектегі таза аумақтық шығыны 175,18 шаршы шақырымды құраған.
Когнитивті соғыс пен жалған есептер
Талдаушылар Кремльдің мұндай мәлімдемелерін когнитивті соғыстың құрамдас бөлігі ретінде бағалайды. Олардың пайымдауынша, Мәскеу осы тәсіл арқылы Батыс елдері мен Украинада қарсылықтың пайдасы жоқ деген түсінік қалыптастыруға әрі шабуыл ауқымын асыра көрсетуге күш салуда.
Сонымен қатар институт сарапшылары Путиннің деректерді әдейі бұрмалағанын немесе әскери қолбасшылықтың жалған мәліметтеріне сеніп отырғанын нақты айту мүмкін еместігін жеткізді. Өйткені Ресей әскери басқару жүйесінде нақты кемшіліктерді жасырып, жоғары жаққа асыра сілтенген жеңісті баяндамалар ұсыну әдеті әбден қалыптасқан.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







