Шетелдік компаниялармен сауда-саттық жүргізетін отандық кәсіпкерлер үшін тауар тасымалындағы басты кедергі – кеден немесе салық емес, серіктестер арасындағы сенімнің жетіспеушілігі. Қазақстандық экспорттаушылар мен импорттаушылар бұған дейін ірі көлемде алдын ала төлем жасап, келісімшарттың қолайсыз талаптарына көнуге мәжбүр болып келсе, енді Дүниежүзілік банк тобына кіретін Халықаралық қаржы корпорациясының (IFC) жаһандық сауданы қаржыландыру бағдарламасы (GTFP) осы түйткілді шешуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Басты мәселе – рұқсат қағазы емес, сенім
Заңгер әрі сарапшы Ержан Есімханов сыртқы саудадағы негізгі тосқауыл құжаттарға емес, шетелдік контрагенттердің Қазақстан нарығын жете танымауына тіреліп тұрғанын алға тартады. Оның айтуынша, қарапайым келісімнің өзінде сырттағы серіктестерге еліміздегі банк жүйесінің орнықтылығы мен заңнамалық базаның сенімділігін ұзақ уақыт дәлелдеуге тура келеді.
– Шетелдік бизнеспен жұмыс істегендегі басты мәселе рұқсат қағаздары немесе кеден, салық емес. Оның бәрін реттеуге болады, олар – техникалық дүниелер. Ең терең мәселе – сенім. Тіпті қазірдің өзінде шетелдік серіктестерге Қазақстанның түсінікті юрисдикция екенін, жақсы банк жүйеміз бар екенін және шетелдік төрелік сот шешімдері орындалатынын түсіндірумен келеміз, – деп жазды заңгер өзінің желідегі парақшасында.
Сарапшының пікірінше, ортақ сенімнің болмауы келісімшартты күрделендіріп, үлкен көлемдегі кепілдіктер мен аккредитивтерді талап етуге мәжбүрлейді. Соның салдарынан қазақстандық бизнес өкілдеріне ұсынылатын қаржылық талаптар ауырлай түседі.
Кепілдік механизмі қалай жұмыс істейді?
Аталған қиындықты еңсеру мақсатында IFC 2005 жылы GTFP (Global Trade Finance Program) тетігін іске қосқан болатын. Осы жылдар ішінде бұл жүйе арқылы әлем бойынша жалпы көлемі 141 миллиард долларды құрайтын 100 мыңнан астам келісім жүзеге асқан. Енді халықаралық қаржыландыру бағдарламасы Қазақстан бизнесіне де қолжетімді болып отыр.
Оның жұмыс істеу тетігі нақты мысалмен түсіндіріледі:
Қазақстандық импорттаушы шетелдік жеткізушімен келісімшарт жасайды.
Жеткізуші компания өз еліндегі GTFP желісіне қосылған банкке жүгінеді.
Шетелдік банк міндеттемелердің толық орындалуына қатысты IFC-ден кепілдік сұрайды.
Қаржы корпорациясы кепілдік берген сәтте, банк тәуекелден арылып, қаржыландыру ашады.
Нәтижесінде тауар Қазақстанға жөнелтіледі, ал отандық кәсіпорын төлемді бірден емес, белгіленген мерзімде кейінге шегеру мүмкіндігіне қол жеткізеді.
Мұндай кепілдікті алу үшін IFC-дің Қазақстанда сенімді жергілікті серіктес банкі болуы міндетті. Жергілікті қаржы ұйымы өзінің клиенті саналатын қазақстандық кәсіпорынның төлем қабілеті мен тұрақтылығын растаса, халықаралық корпорация сол келісімді толық қорғауға алады.
Отандық бизнеске қандай тиімділік әкеледі?
Қазақстанда IFC-дің осы бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін жалғыз серіктес банк ретінде «Банк ЦентрКредит» таңдалды. Бұл құрал арқылы енді отандық кәсіпкерлер халықаралық кепілдік алып, аккредитивтер мен сауданы қаржыландырудың тиімді тәсілдерін пайдалана алады.
Ержан Есімхановтың пайымдауынша, жаңа құрал әсіресе сыртқы нарықта атауы белгісіз шағын және орта бизнес өкілдеріне үлкен демеу болмақ. Өйткені шағын компанияларға шетелдік келісімшарттар бойынша растау алу бұрын өте қиынға соғатын.
– Мұның бәрі қазақстандық бизнес үшін жаңа шетелдік серіктестер табуға және халықаралық мәмілелерді қаржыландыру құнын арзандатуға мүмкіндік береді. Өз басым мұны кәсіпкерлер міндетті түрде пайдалануы тиіс өте жақсы жаңалық әрі тиімді жаңа құрал деп бағалаймын, – деп түйіндеді заңгер.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







