Ресейдегі «Яндекс» дата-орталықтарына жасалған шабуылдардан кейін іркілістер Қазақстанды да шарпыды: такси шақыру мен жеткізу қызметтерінде ақау пайда болды. Владимирдегі инфрақұрылымның зақымдануы дата-орталықтың тоқтап қалуына әкеп соқты. Елімізден тыс жердегі әскери қатер қазақстандықтардың күнделікті тыныс-тіршілігіне кедергі келтірді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz. саясаттанушы Уәлихан Төлешевтің пікіріне сүйеніп.
Бұл ретте Цифрлық даму министрлігінің хабарлауынша, қазақстандық қолданушылардың дербес деректері Қазақстан аумағында сақталады және тиісті серверлер штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Алайда такси мен жеткізу жұмысын қамтамасыз ететін кейбір компоненттер шетелде орналасқан. Яғни деректер өзімізде сақталғанымен, сервисті пайдалану мүмкіндігі бөтен инфрақұрылымға тәуелді болып отыр.
«Бұл – мемлекет пен бизнес үшін үлкен сабақ. Цифрландыру дағдарыс кезінде жүйелердің жұмысын жалғастыру қабілетімен өлшенуі керек. Әрбір сөндірудің артында жүргізушінің жоғалтқан табысы, орындалмаған тапсырыс және кәсіпкердің жұмысының тоқтап қалуы тұр», – деп ескертті саясаттанушы.
Қазақстанға отандық бағдарламаларға, бұлттық платформаларға және ақпарат сақтау жүйелеріне көшуді шұғыл бастау қажет. Қазірден бастап, деректердің сенімділігі мен қауіпсіздігін тексере отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асыру маңызды.
Не нәрсе басымдыққа ие болуы керек?
Сарапшының пайымдауынша, алдағы уақытта мына міндеттерге басымдық берілуі тиіс:
– Мемлекеттік және аса маңызды жүйелердің шетелдік серверлерге, бағдарламалық жасақтамаға және техникалық қолдауға тәуелділігіне аудит жүргізу.
– Қазақстандық дата-орталықтарды және әртүрлі өңірлердегі тәуелсіз резервтік алаңдарды дамыту, апаттан кейін қалпына келтіру мүмкіндігін тұрақты тексеру.
– Бәсекелі сатып алулар, инвестициялар және инфрақұрылымға қолжетімділік арқылы отандық әзірлеушілерді қолдау. Қазақстандық өнім сапасын, қауіпсіздігін және қолайлылығын дәлелдеуі тиіс.
– Ақпаратты жоғалтпай және ұзақ кідіріссіз деректерді өнім берушілер арасында көшіру және балама сервиске ауысу мүмкіндігі.
– Деректер қайда сақталады, қайда өңделеді, қолжетімділікті кім басқарады және шетелдік түйін сөндірілгенде жүйе жұмыс істей ала ма деген бүкіл тізбекті тексеру.
Қосымшаның отандық атауының өзі ғана тәуелсіздікті қамтамасыз етпейді. Білікті құзырет, дербес инфрақұрылым және жүйенің жұмысына нақты бақылау қажет.
Жүйелі логика аясында әзірлеушілерді, университеттерді, бизнесті және мемлекетті тұрақты цифрлық ортаға біріктіру талап етіледі. Халықаралық ынтымақтастық мүмкіндіктерімізді кеңейтіп, ал жеке инфрақұрылым жұмыстың үздіксіздігін қамтамасыз етуі тиіс.
«XXI ғасырдың егемендігі ақпараттық ағындарды бақылауды қамтиды. Қазақстан өзінің цифрлық болашағына иелік етіп, оның тұрақтылығын бүгіннен бастап қамтамасыз етуге міндетті», – деп түйіндеді Уәлихан Төлешев.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







