Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бензин мен дизель отынына салынатын қосымша акциз үлесін 95 пайыздан 50 пайызға дейін төмендету жоспарланып отыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Тиісті үкімет қаулысының жобасы 20 қазанда ашық талқылауға шығарылды. Құжатты қоғамдық талқылау кемінде 10 жұмыс күніне созылады. Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі осы кезеңнен кейін жоба барлық келісу рәсімдерінен өтіп, Үкімет қарауына жолданатынын хабарлады.
Акциз не себепті қайта қысқармақ?
Жанармайға салынатын қосымша акциз үлесі 2026 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 50-ден 95 пайызға дейін өскен болатын. Ведомство өкілдері мұның уақытша шара болғанын түсіндірді. Баға өсіміне салынған мораторий мен отынның көтерме бағасының төмендеуі салдарынан Атырау және Павлодар облыстары мен Шымкент қаласының бюджетіне түсім азайған. Елдегі негізгі мұнай өңдеу зауыттары дәл осы өңірлерде орналасқан.
Енді Үкімет бұрынғы механизмге қайта оралуды ұсынып отыр. Министрлік мамандарының есебінше, акциз үлесінің азаюы жергілікті бюджеттердің жоспарланған кірісіне кері әсер етпейді. Өйткені 2026–2028 жылдарға арналған қазына шығыстары бастапқыда-ақ 50 пайыздық мөлшерлеме негізінде есептелген. Ал 2027–2029 жылдарға арналған бюджеттер әлі түпкілікті бекітілген жоқ.
Жанармай бағасы арзандай ма?
Мұнда әңгіме салықты толық жою туралы емес, тек қосымша акцизді есептеу тәртібі жайында болып отыр. Бұл төлем отынды белгіленген шекті бағадан жоғары құнмен көтерме саудада өткізген кезде қолданылады. Қазіргі 95 пайыздық мөлшерлеме Үкіметтің 2026 жылғы 11 қыркүйектегі қаулысымен бекітілген.
«Жоба бөлшек сауда бағасын реттемейді және АИ-92, АИ-95 немесе дизель отыны қаншаға арзандауы тиіс екенін белгілемейді. Отын бағасы нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа сәйкес қалыптасады», – деп нақтылады Ұлттық экономика министрлігі.
Осыған байланысты құжат күшіне енген күннің өзінде жанармай құю бекеттеріндегі баға автоматты түрде төмендемейді.
Мұнай өндірушілерге серпін
Министрлік ұсынған түзетулер ең алдымен мұнай өндіруші кәсіпорындардың қаржылық көрсеткіштерін реттеуге бағытталған. Мөлшерлеменің төмендеуі компанияларға өндірістік қуатты арттыруға және инфрақұрылымды жаңғыртуға жол ашады.
«Өзгерістер мұнай өндіруші ұйымдардың экономикалық көрсеткіштерін жақсартуға және өндірістік қуаттарды жаңғырту мен дамытуға салынатын инвестиция көлемін кеңейтуге бағытталған», – деп түйіндеді министрлік өкілдері.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







