Астанада жаңадан екі мемлекеттік Оқушылар сарайы – «TANYM ART» және «TANYM SPORT» көпфункционалды кешендері ашылды. Олар балалардың шығармашылық, зияткерлік және спорттық әлеуетін дамытуға, сондай-ақ елордада қосымша білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңа Оқушылар сарайлары елорданың әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту аясында Мемлекет басшысының тапсырмасымен ашылды.
Заманауи кешендердің ерекшелігі мен мүмкіндіктері
Үш қабатты кешендердің әрқайсысының ауданы 12 225 шаршы метрді құрайды. Балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасау үшін мұнда бассейн, спорт және концерт залдары, оқу кабинеттері мен коворкинг аймақтары ашылған. Сондай-ақ шығармашылықпен шұғылдануға, білім алуға және бос уақытты тиімді өткізуге мүмкіндік жасалған.
Кешендерде STEM технологиялары, техникалық және ғылыми шығармашылық, экология-биология бағыттары бойынша сабақтар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Мұнда оқушылар өз қабілеттерін дамытып, жаңадан білім алып, заманауи технологияларды меңгеріп, спорттың бірқатар түрімен айналыса алады.
Балалардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасауға ерекше мән беріліп отыр. Жаңа Оқушылар сарайлары білім беру, шығармашылық және спорт бағыттарын бір арнаға тоғыстырады. Бұл оқушыларға өз қызығушылығы мен қабілетіне қарай үйірмелер мен сабақтарды таңдауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар әр кешенде 100-ден астам жұмыс орнын ашу көзделген.

Балалардың жан-жақты дамуына арналған кеңістік
«Жаңа Оқушылар сарайларының ашылуы балалардың жан-жақты дамуына үлкен мүмкіндік береді. Біздің басты міндетіміз – әр бала өз әлеуетін ашып, жанына жақын іспен айналысып, талантын дамыта алатын кеңістік әзірлеу. Мұнда оқушылар қосымша білім алып қана қоймай, шығармашылықпен айналысып, спортпен шұғылданып, заманауи технологияларды меңгеріп, жаңа достар таба алады», – деді «TANYM ART» көпфункционалды кешенінің директоры Раушан Күшібаева.
«TANYM ART» Оқушылар сарайы Сарыарқа ауданындағы Бейбарыс сұлтан көшесі, 15 мекенжайында орналасқан. Ал «TANYM SPORT» кешені Алматы ауданындағы Төле би көшесі, 3 мекенжайында орналасқан.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада жеке инвестициялар есебінен ашылған нысандарды қоса алғанда, төрт Оқушылар сарайы жұмысын бастаған. Елордада қосымша білім беру инфрақұрылымын дамыту жұмысы жүріп жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







