Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында республикалық патриоттық әндер байқауы жарияланды. Байқау Отан, туған жер және ел бірлігі тақырыбындағы жаңа туындыларды танытуға, талантты авторларды анықтауға және заманауи патриоттық әндер қорын толықтыруға бағытталады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Байқауға еліміздің барлық өңірінен ақындар мен композиторлар, соның ішінде шығармашылық жолын енді бастаған авторлар қатыса алады. Бұған дейін жарияланбаған және орындалмаған әндер қабылданады.
Байқаудың бағыттары мен талаптары
Байқау үш бағыт бойынша өтеді. Олар: салтанатты патриоттық әндер, лирикалық патриоттық әндер және заманауи патриоттық әндер. Қатысушылар бір немесе бірнеше бағыт бойынша шығарма ұсына алады.
Туындыларды композиторлар, ақындар мен музыка мамандарынан құралған сарапшылар кеңесі бағалайды. Сарапшылар баға беруде әннің әуені, мәтінінің сапасы, авторлық идеясының тың болуы және тыңдарманға әсерін негізге алады.
Байқау Отан мен ұлттық болмыс тақырыбын арқау ететін әрі тыңдарман көңілінен шығатын әндердің жазылуын көздейді, – деп атап өтті сарапшылар кеңесінің мүшесі, ақын Қалқаман Сарин.
Жүлде қоры және өтінім қабылдау
Байқаудың жалпы жүлде қоры – 30 млн теңге. Қаражатты демеушілер бөлген.
Жүлделер төмендегідей белгіленген:
Бас жүлде – 6 млн теңге;
I орын – әрқайсысы 4 млн теңгеден үш жүлде;
II орын – әрқайсысы 3 млн теңгеден үш жүлде;
III орын – әрқайсысы 1 млн теңгеден үш жүлде.
Өтінімдер 2026 жылғы 5 желтоқсанға дейін khabar.kz/konkurs сайтында қабылданады. Жеңімпаздар Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында жарияланады.
Жобаның бас ақпараттық серіктесі – «Хабар» агенттігі» АҚ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







