Белгілі заңгер әрі құқық қорғаушы Айгүл Орынбек қоғам белсендісі Санжар Боқаевтың қызметіне сенбейтінін және оның кенеттен елге оралуының астарында белгісіз күштер тұруы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Құқық қорғаушы бұған дейін «Қасқа жол» арнасында айтқан сыни көзқарасының өзгермегенін жеткізді. Оның пайымдауынша, бастапқыда Америкаға біржола көшіп, кәсібін сол жақта дамытатынын мәлімдеген белсендінің елге аяқасты қайта оралуы көптеген сұрақ тудырады.
АҚШ-тан оралу және күмәнді жағдайлар
Заңгер белсендінің Қазақстанға қайта келу себебін қоғамға ашық түсіндірмей, құпия қалдырғанына назар аударды. Ол мұндай қадамның артында белгілі бір тапсырма немесе ықпалды топтардың мүддесі тұруы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
«Негізінде ол кісі Америкаға кеттім, бизнесімнің барлығын сол жаққа көшіріп жатырмын, жаңа өмір бастаймын деп кеткен еді. Енді аяқ астынан елге қайтуының себебін өзі түсіндірген жоқ, ол жағын құпия қалдырды. Елге қайтып келуі жайдан-жай емес қой. Яғни бір тапсырмамен келуі мүмкін немесе оның артында бір көлеңкелі күш тұр. Оның барлығын тергеп-тексеру анықтауы керек», – деді заңгер.
Сонымен қатар құқық қорғаушы соңғы уақытта ақпарат құралдарында тараған деректерге сілтеме жасап, наразылық шараларын ұйымдастыру барысында адамдарды жалдау немесе мемлекеттік мүлікке зақым келтіру секілді фактілердің құқықтық тұрғыдан анықталуы тиіс екенін жеткізді.
Қаңтар қасіретінің қайталану қаупі
Айгүл Орынбек халық арасында наразылық көңіл-күйін тудыру арқылы жағдайды ушықтыру қауіпті салдарға соқтыруы ықтимал екенін ескертті. Ол 2022 жылғы қасіретті оқиғалардың да әлеуметтік мәселеден басталып, соңы арандатушылыққа ұласқанын еске салды.
«Қаңтар оқиғасы да ашылмай қалды, ұйымдастырушылардың кім екені сол күйі құпия болып қалды. Ол жерде де басында газдың мәселесі көтерілді, бірақ соңы қандай ылаңға ұласқанын білесіздер. Бұл жерде де утиль алым деп бастады, халықты ояту ұранымен ашылды. Бірақ біз сияқты белсенділер мәселе көтергенде заңдарға өзгеріс енгізуді талап етіп, нақты ұсыныс береміз. Ал ол кісінің тарапынан нақты ұсыныс болмайды. Мәселені көтергеннен кейін, оның шешімін де ұсыну керек қой», – деп атап өтті Айгүл Орынбек.
Құқық қорғаушы қоғамдық тұрақтылықтың маңызын алға тартып, күмәнді әрекеттердің арты үлкен қауіпке айналмауы керек екенін айтты.
«Сол себепті мен ол кісінің белсенділік жұмысына күдікпен қараймын және елімізде Қаңтар оқиғасының қайталануын қаламаймын», – деп түйіндеді заңгер.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







