Қазақстанда мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтардың банктер мен микроқаржы ұйымдарындағы несие төлемдері автоматты түрде кейінге шегеріледі, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мемлекеттік кредиттік бюро дерегінше, 2024 жылдың тамызынан 2026 жылдың 1 маусымына дейін бұл мүмкіндікті 82,1 мың сарбаз пайдаланған. Олардың тоқтатылған несиелерінің жалпы көлемі 23,5 миллиард теңгеге жетті. Тек 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында 30 мың мерзімді әскери қызметшінің 7,5 миллиард теңге болатын қарызына төлем каникулы берілді.
Әскери қызмет кезінде төлем қалай тоқтатылады?
Жеңілдік мерзімінде азамат негізгі борышын да, ай сайынғы сыйақыны да өтемейді. Бұл тетіктің басты артықшылығы – шегерім уақытында несиеге қосымша үстеме пайыз, өсімпұл немесе айыппұл жүрмейді.
«Кейінге шегеру кезеңінде негізгі қарыз бен сыйақы бойынша төлемдер тоқтатылады. Бұл ретте қызмет өткеру уақытына жаңа пайыз есептелмейді», – деп нақтылады Қаржы нарығын реттеу агенттігі.
Сарбазға жеңілдік алу үшін ешқайда жүгінудің керегі жоқ. Қаржы ұйымдарына бару, арнайы өтініш жазу немесе әскери бөлімнен анықтама жинау талап етілмейді. Барлық процесс автоматтандырылған.
Азаматтың әскерге шақырылғаны туралы деректер Қорғаныс министрлігі, кредиттік бюролар және қаржы институттарының ақпараттық жүйесі арқылы өзара алмасады. Банктер мен микроқаржы ұйымдары мәлімет түскен соң қарызды дербес тоқтатады.
Әскерден оралған соң берешек кешіріле ме?
Мемлекет берген кредиттік каникул қарыздың мүлдем кешірілгенін білдірмейді. Әскери борышын аяқтаған сарбазға бейімделу және жұмысқа орналасу үшін тағы 60 күнтізбелік күн беріледі. Осы өтпелі кезең аяқталғаннан кейін несиені өтеу кестесі қайта жанданады.
«Әскери борышты өтеп келген соң және белгіленген мерзім өткеннен кейін несиелік міндеттемелер сақталады, сондықтан қарыз алушы төлемдерді жалғастыруға тиіс», – деп түсіндірді агенттік өкілдері.
Егер азамат әскерге аттанғанға дейін қарызды өндіру бойынша сот немесе нотариаттық шаралар басталған болса, бұл процестер де қызмет мерзіміне уақытша тоқтатылады. Алайда негізгі борыш жойылмайтындықтан, әскерді міндеттемелерді нөлдеудің жолы деп қарауға болмайды.
Сарбаздарға жаңа несие берілмейді
Қазақстанда 2025 жылғы 31 тамыздан бастап мерзімді әскери қызметтегілерге жаңа банк несиелері мен шағын несиелерді беруге заңнамалық тыйым салынған. Қаржы ұйымдары әрбір өтінімді қараған кезде азаматтың мәртебесін кредиттік бюро арқылы тексереді. Егер клиенттің казармада екені анықталса, өтініш бірден қабылданбайды.
Сарапшылар мен жауапты органдар азаматтарға әскер қатарына шақырылмас бұрын жеке кредиттік тарихын тексеріп алуға кеңес береді. Бұл барлық қаржылық міндеттеменің дұрыс тіркелгеніне көз жеткізуге және кейін төлемді тоқтату кезінде қателіктердің алдын алуға мүмкіндік береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







