Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында дәнді және майлы дақылдарды қабылдап, өңдейтін жаңа «QazEcoDan» кешені іске қосылды. Құны 21 млрд теңге болатын кәсіпорын өңірдің аграрлық және экспорттық әлеуетін күшейтпек, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа кешен астықты қабылдау, тазарту, кептіру және ұзақ мерзімге сақтау жұмыстарын атқарады. Қазір мұнда бір мезетте 30 мың тонна өнім сақтауға мүмкіндік бар. Өндірістік үдеріс толықтай заманауи технологияға негізделген.
Кәсіпорынға қажетті технологиялық жабдықтар Германиядан жеткізілген. Астық сақтайтын силостар Испанияда өндірілген. Мұндай қондырғылар өнімді тиімді кептіріп, сапасын ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік береді.
Кешеннің ашылуына облыс әкімі Шыңғыс Әрінов, сала мамандары, ауыл тұрғындары мен ақсақалдар қатысты. Аймақ басшысы жобаның ауыл шаруашылығына инвестиция тартудағы маңызын атап өтті. Оның сөзінше, жаңа өндіріс Мемлекет басшысы қойған аграрлық өнім көлемін ұлғайту міндетіне сай келеді.

Кешеннің логистикалық мүмкіндігін кеңейту үшін ұзындығы 3 шақырымға жуық теміржол желісі салынады. Жаңа жол астықты вагондарға тікелей тиеп, тасымалдау шығынын азайтуға тиіс. Өнім ішкі және сыртқы нарықтарға жылдам жеткізіледі.
Кәсіпорында сақталған дәнді дақылдарды Өзбекстан, Тәжікстан және Ауғанстанға экспорттау жоспарланған. Кейін өткізу нарығының географиясын өзге елдермен толықтыру көзделіп отыр. Теміржол желісі осы экспорттық бағыттың негізгі тірегіне айналмақ.
Қазір кәсіпорында 30 адам тұрақты жұмыс істейді. Өндіріс көлемі мен логистикалық жүйе кеңейген сайын жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік туады. Жоба ауыл тұрғындарының табысын арттырып, жергілікті шаруалардың өнім өткізу мәселесін жеңілдетеді.
«QazEcoDan» жай ғана астық сақтайтын қойма болып қалмайды. Кешен егістіктен жиналған өнімді ысырапсыз сақтап, сыртқы нарыққа шығаруға жол ашатын өндірістік буынға айналады. Осындай жобалар аграрлық өңірді шикізат өндірушіден сапалы өнім экспорттайтын орталыққа жеткізеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







