Павлодарда Республика күніне орай «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылған патриоттық квиз ойыны жүзге жуық жастың басын қосты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сайыс «Заң мен Тәртіп – Адал азамат» ұранымен ұйымдастырылып, оған ел тарихына, төл мәдениетке және қоғамдық өмірге бейжай қарамайтын белсенді жастар қатысты. Зияткерлік жарысқа жиналған қатысушылар бірнеше топқа бөлініп, танымдық сұрақтар бойынша өзара бақ сынасты.

Зияткерлік сайыс және құқықтық сауат
Ұйымдастырушылар осындай бастамалар арқылы өскелең ұрпақтың құқықтық сауатын көтеру және отансүйгіштік қасиеттерін дамыту көзделгенін атап өтті. Сайысқа қатысушылар тек теориялық білімін сынап қана қоймай, ұжымдасып шешім қабылдау қабілетін де байқатты.
«Интеллектуалды ойын барысында командалар өздерінің білімдерін, эрудициясын, командалық рухын және белсенді азаматтық ұстанымын көрсетті», – деп нақтылады Павлодар облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Жаннұр Ахметжанова.
Сайыстың қорытындысы бойынша жоғары ұпай жинап, үздік нәтиже көрсеткен командалар мен жеңімпаздарға арнайы естелік сыйлықтар табысталды. Мұндай танымдық жобалар жастар арасында заң үстемдігі қағидаттарын насихаттап, олардың азаматтық жауапкершілігін күшейту мақсатында өткізіліп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







