АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс республикашылдардың аралық сайлаудағы жеңілісін Иранмен арадағы соғыспен, сондай-ақ Вашингтонның Израильмен қарым-қатынасымен түсіндірді. Ол демократтар Конгресстің қос палатасын да республикашылдардан тартып алған соң, X әлеуметтік желісінде жағдайды егжей-тегжейлі талдаған көлемді жазба жариялады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Біздің жеңілуіміздің басты себебі – соғыс. Бұл туралы кеше кешке президенттің өзі айтты», – деп жазды Вэнс.
Оның айтуынша, мәселе сайлаушылардың келу көрсеткішінде емес. Республикашылдардың сайлаушылары учаскелерге келген, алайда 2024 жылы Трамп пен Вэнске дауыс бергендердің көбі бұл жолы демократтарды қолдаған. Вэнс өзі сенетін әлеуметтанушының сөзіне сүйене отырып, оның төрт себепті атағанын жеткізді.
Қарсы тарапқа өткен сайлаушылар Иранмен арадағы соғыстың аяқталуын, биліктің баға мен инфляция мәселесімен айналысуын, Американың өз мүдделерін бірінші орынға қоюын және АҚШ-тың Израильмен қарым-қатынасын өзгерткенін қалайды.
«Біздің сайлаушылар келді. Ал жоғарыда аталған төрт себеп олардың көбі неліктен демократтарға дауыс бергенін түсіндіреді», – деп түйіндеді ол.
Әскери науқанның өтеуі
Вэнс соғыс басталмай тұрып оның салдары туралы ескерткендермен дауласпай, олардың дұрыстығын мойындады: «Ашуға булығып, «мен айтып едім ғой» дегісі келетіндерге: сіздердікі жөн, шынымен де солай дегенсіздер». Ал соғысты жақтаушыларға оның құнын ашық мойындауды ұсынды.
«Егер мұның соған тұрарлық болғанын, келесі алты жылға Сенаттан айырылу соған тұрарлық екенін дәлелдегіңіз келсе, дәлелдеңіз. Мұның қолайлы өтеу болғанын дәлелдеңіз. Келісесіз бе, жоқ па, бұл ең болмағанда әділ болар еді. Бірақ бәрі де неге ұтылғанымызды біліп отыр. Ары қарай қайда баратынымыз туралы кез келген адал әңгіме осыдан басталуы керек», – деп жазды вице-президент Джей Ди Вэнс.
Трамп расында да кеше кешке Иран туралы айтты. Fox News эфирінде ол соғыстың жеңіліске себеп болған факторлардың бірі екенімен келісті. Дегенмен президент ешнәрсеге өкінбейтінін мәлімдеді.
«Меніңше, мәселе жартылай Иранға байланысты болды. Бірақ сонымен бірге адамдар менің Иранға қатысты жасаған қадамымның қаншалықты маңызды екенін түсінді. Тарихи тұрғыдан алғанда, бұл бүгінгі кештен әлдеқайда маңыздырақ болады деп ойлаймын, өйткені терроризмнің басты мемлекеттік демеушісіне ядролық қаруға қол жеткізуге жол беруге болмайды», – деді ол.
Сәл кейінірек, сол арнаның басқа эфирінде ол өз ойын қысқаша былай жеткізді: «Тарих мені дұрыс әрекет еткен адам ретінде бағалайды деп ойлаймын, бірақ соның салдарынан бүгінгі кешіміз онша жағымды болмады».
Конгрестегі жеңіліс және Израильге қатысты келіспеушіліктер
Трамп бұл сұхбаттарында Израиль туралы сөз қозғаған жоқ. Есесіне, сайлау күні ол Израильге жылына шамамен төрт миллиард доллар көлемінде бөлінетін әскери көмекті тоқтататынын мәлімдеді. Осы уақытқа дейін көмектен он жыл ішінде біртіндеп бас тарту мәселесі талқыланып келген еді.
Associated Press есебі бойынша, демократтар республикашылдардың 44 орнына қарсы Сенатта кем дегенде 54 орынға ие болды. Демократтар Техас, Канзас, Оңтүстік Каролина, Огайо, Айова, Солтүстік Каролина және Мэн штаттарындағы Сенат сайлауында жеңіске жетті.
Вэнс басынан бастап соғысқа күмәнмен қараған еді. Наурыз айының өзінде Ақ үйдегі дереккөздер Тегеранға жасалған соққылардың алдында вице-президент операцияның мерзімі мен мақсаттарына шүбә келтіріп, израильдіктер ұсынған оптимистік деректерге сенбегенін хабарлаған.
Маусым айында ол әлемде Израильдің достары некен-саяқ қалғанын және жалғыз қалған серіктесімен қарым-қатынасты бұзбас бұрын жақсылап ойлану керектігін айтты, содан соң Трамптың Тегеранмен келіссөздерін сынаған Израиль министрлерін сынға алды.
Қазан айында, Кнессетке сайлауға бір апта қалғанда, Трамп бір күн бұрын Биньямин Нетаньяхуды қолдағанына қарамастан, Вэнс оны қолдаудан бас тартты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







