Дүниежүзінде кәдімгі антибиотиктерге бой бермейтін қауіпті бактериялардың көбеюі денсаулық сақтау саласындағы өткір мәселелердің бірі болып отыр. Ғалымдар заманауи QLED теледидарларының экранында түстерді қанық ету үшін қолданылатын кванттық нүктелер технологиясы арқылы осы түйткілді шешудің балама әдісін тапты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қытай ғалымдарының тың композиті
Қытайлық зерттеушілер тобы Acta Physico-Chimica Sinica ғылыми журналында жаңа бактерияға қарсы композиттік материалдың нәтижелерін жариялады. Мамандар сұйықтықтағы алтын нанобөлшектері мен графен оксидінің кванттық нүктелерін біріктірген. Дәл осындай кванттық жартылай өткізгіш кристалдар заманауи теледидар экрандарында жарық пен түсті дәл жеткізу үшін кеңінен пайдаланылады.
Тәжірибе барысында аталған материал 460 нанометр толқын ұзындығындағы көк жарық диодымен (LED) сәулелендірілді. Нәтижесінде құрамда оттегінің белсенді формалары (ROS) және бос радикалдар түзілген. Оттегінің мұндай тұрақсыз молекулалары патогенді микробтар үшін аса улы саналады.
«Жаңа композиттік материал жарақат үстіне қойылып, оған көк сәуле бағытталған кезде зиянды микроорганизмдер түгел дерлік жойылып, терінің жазылу процесі айтарлықтай жеделдеді», – делінген ғылыми зерттеуде.
Дәрісіз емдеу: жасуша қабырғасын шарша бұзу
Зерттеушілер тың әдіс антибиотиктерді қажет ететін ауыр күйіктер мен терең жарақаттарды дәрі-дәрмексіз емдеуге жол ашады деп есептейді. Көптеген дәстүрлі антибиотиктер бактерияның ішкі функцияларына, яғни ақуыз синтезіне немесе көбею процесіне кедергі келтіру арқылы әсер етеді. Ал оттегінің белсенді формалары тотығу стресі арқылы микроорганизмнің сыртқы қорғаныс қабырғасын тікелей бұзып, оны шар секілді жарып жібереді.
Кейбір бактерияға қарсы дәрілер де қабырға құрылымын нысанаға алғанымен, олар полимерлер түзілуін ғана баяулатады. Сондықтан кванттық нүктелер негізіндегі фотодинамикалық тәсіл микробтарға қарсы әлдеқайда жылдам әрі жойқын соққы береді.
Қауіп пен болашақ сынақтар
Аталған технология антибиотиктерді шамадан тыс қабылдап, ағзасы төзімді бактериялардың ошағына айналған науқастарға көмектесуі мүмкін. Соған қарамастан, ғалымдар бұл емнің де өзіндік тәуекелдері барын жасырмайды. Бактериялар тотығу стресіне бейімделіп, жаңа мутациялар арқылы төзімділік қалыптастыруы ықтимал.
Оттексіз ортада өмір сүре алатын және улы химиялық заттармен қоректенетін төзімді бактериялардың уақыт өте келе оттегінің белсенді формаларына да бейімделу қаупі бар.
Соған қарамастан, теледидар өндірісінен медицинаға енген кванттық нүктелер мен фототерапия дәріге бой бермейтін инфекциялармен күрестегі маңызды ғылыми жетістіктердің бірі ретінде бағаланып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







